Семей. 27.02. “Semeyainasy” – Бүгін шаһарымыздағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тікелей бастамасымен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру аясында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» атты қалалық байқау өтті.
Жарыстың негізгі мақсаты – тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыра отырып, үш тілді жетік білетін қабілетті жастарға қолдау көрсету болып табылады. Байқау шарты бойынша, «Мәдениеттаным» деп аталатын бөлімде қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпына байланысты сұрақтар қойылса, екінші айналымда еліміздің тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған ұлы тұлғаларымыз бен Қазақстанның көрнекі жерлеріне қатысты сауалдарға орыс және ағылшын тілінде жауап беру міндеттелді. Cайыстың ең соңғы шешуші кезеңінде үміткерлеріміз ұяшықта көрсетілген жаңылтпашты еш мүдірместен, үш рет қайталап, атқан оқтай зулап, жатқа айтып беруге тырысты.
Төрелік еткен әділ-қазылардың талаптарына сәйкес, қатысушылар қойылған сұрақтарға нақты әрі жүйелі түрде жауап берулеріне, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуіне және сахна мәдениетіне басты назар аударылды.
Шыны керек, Күләш Бәйсейітова мен Әлихан Бөкейхановты танымаймыз деп жауап беруден бас тартып жатқан жоғары оқу орындарының студенттерін көргенде іштей болсын назаланасың. Ал сол азаматтардың бірі жүлделі орынға ие болды дегенді естігенде еріксіз таңқаласың. Біреуді сынау немесе айыптау біздің міндетіміз емес, алайда барлық қазақ баласы ел үшін аянбай еңбек еткен алып даналарымызды ұмытпай, олардың ерлігін мақтан тұтып, мәңгілік естерінде сақтаса нұр үстіне нұр болар еді…
Сонымен жеңімпаздардың тізіміне көз жүгіртетін болсақ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Филология» факультетінің 2 курс студенті Ажар Әнуарбекова бас жүлдеге лайық деп танылса, Мейіржан Слямханов, Бекзат Серікқалиев пен Райымбек Өмірбаев жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ғанибек Түсіпбек
879 всего, 3