
Семей. 19.02. “Semeyainasy” – Дебат ойындары — сөзді «қиыннан қиыстыратын» тіл жүйріктерінің идеялар шайқасы. Кез келген тақырыпта өз ойларын еркін жеткізіп, қоғамда болып жатқан түйіткілді мәселелердің шешімін табуға талпынатын белсенді жастардың қауымы. Жылда Қазақстанның әр түпкірінде сөздің қасиетін шебер меңгерген ораторларды бір жерге тоғыстырып, өз араларында мықты фракциялар мен ең үздік спикерлерді анықтау үшін көптеген турнирлер өткізіледі. Осындай жарыстардың бірі Шәкәрім университетінде Шығыс Қазақстан облысы Семей өңірінің Дін мәселелерін зерттеу орталығының тікелей бастамасымен «Дін, қоғам, дәстүр» атты қалалық пікір-сайыс турнирі ұйымдастырылды. Тартысқа толы дода «Микс» форматында өткендіктен, оқушы және студент бірігіп ойнауға міндеттелген болатын. Фракцияларды таңдау жеребе тарту арқылы анықталды.
Іріктеу кезеңі мен финалдық ойындар Америкалық Парламенттік пікір-сайыс форматында(АПФ) ойнатылды. Қатысушылар сайыс барысында «Б.П өзге дінді қабылдаған адамдарға сынақ тапсыруды міндеттейді», «Б.П террористтің отбасы терракттан зардап шеккен адамдарға материалдық шығын төлеуге міндетті деп есептейді», «Б.П жастар арасында діни экстремизммен күресудің тиімді механизмін ұсынады» деген тақырыптарды талқылап, көзқарастарын ортаға салды.
Жарыстың қорытындысына сәйкес, «Конгресс» зияткерлік дебат клубының жас ойыншысы Тойжан Каирбекова мен 32 мектеп оқушысы Нұргелді Серікбосынов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, кубокты қанжығаларына байлады. Сондай-ақ ойнау ситльдерімен ерекшеленген «Авиценна» ДК-ның намысын қорғаған Данара Каироллаева және 32 мектептің «Атамұра» пікір-сайыс ордасының аға буыны Гүлім Тұрсынова ІІ орынды иеленсе, ал үздік үштікті «Оратор» ДК Жайдар Ерболатова, 23 орта мектептің пікірсайысшысы Ақмарал Маликрамова қорытындылады. Жеке спикерлер арасында, яғни Линкольн-Дуглас (ЛД) форматы бойынша, Нұргелді Серікбосынов «Ең үздік спикер» номинациясын жеңіп алды.
Ғанибек Түсіпбек
1,316 всего, 8