Семей. 14.02.«Semeyainasy» – 17-18 ақпан күндері сағат 17:00-де Абай театрында «Ахметтің аманаты» спектаклінің премьерасы өтеді. Бұл жолы Әскерхан Ақтайдың шығармасын Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы-драма театры сахналамақ.
Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қызметіне арналған шығарма театрдың көркемдік жетекшісі Ербол Жуасбектің режиссерлігімен қойылады. Жаңа туынды көрермен жүрегіне жол табу үшін театр ұжымы бірнеше ай дайындық жұмыстарын жүргізген. Әр сөзін қашап, мінсіз мүсін күйіне жеткізген әртістер шығарманың көптің көңілінен шығатынына сенімді.
– Біреудің ішкі жан дүниесіне еніп, оны ойнап шығу оңай емес. Әсіресе, ол адам шынайы өмірде болған әрі елі мен жері үшін жанын құрбан еткен тұлға болса. Біраз уақыттан бері сол сезімді бастан өткерудеміз. Театр әртісі болудың қиыншылығы да – осы. Біз, театрда ғана емес, барлық жерде шығармашылық ізденіс үстінде боламыз. Халық тарихындағы ақтаңдақ жылдарды, сол заманда халқымыз бастан өткерген қиыншылықтарды шамамыз жеткенше көрерменге шынайы жеткізуге тырысудамыз. Себебі шығарма басқа ұлттық емес, қазақтың тарихына, ұлт мақтаныштарына арналады. Басты рөлді сомдаған адамның санасы, білімі, өмірлік тәжірибесі, деңгейі, жан дүниесі сол тұлғаға жақын болуы керек, – дейді спектакльде А. Байтұрсынов рөлін сомдаушылардың бірі Бекзат Омашев.
«Ахметтің аманаты» пьесасының идеясы – тәуелсіздікке жету жолында Алаш арыстары тап болған нәубетті кезеңдері көрерменге қаз-қалпында жеткізу. Спектакльде Ахмет Байтұрсынов рөлін Айтбек Тәшімбетов пен Бекзат Омашев сомдаса, жары Бәдрисафа рөлінде Сұлушаш Төлекова, Аяулым Тұрұсбекова, Әсел Асылбековалар ойнайды. Сондай-ақ пьесада Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ахметтің әкесі Байтұрсын және басқа да қосалқы кейіпкерлер бар.
Театр ұжымы барлық қала жұртшылығын «Ахметтің аманаты» спектаклін тамашалауға шақырады!
Айзада Сламбаева
821 всего, 3