Семей 09.02. “Semeyainasy” – Кеше қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Балалар мен жастардың шығармашылық сарайында Әкелер слеті өтіп, 300-ге жуық адам бас қосты. Ауқымды жиында «Әкелер Кеңесінің рөлін арттыру жолдары», «Ата-аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру», «Ұлды, ерді, әкені, патриотты тәрбиелейміз!», «Дені сау әке – дені сау бала», «Мәселені әкелер жолымен шешу» тақырыптары қозғалды.
2016 жылы шаһардың барлық білім беру мекемелерінде әкелер мен аналар кеңестері құрылған болатын. Осы жылдың 15-20 қаңтары аралығында қалалық мектептерде әкелер слетінің мектепішілік кезеңі өтіп, оның аясында дөңгелек үстелдер мен әкелер спартакиадасы ұйымдастырылған.
Салтанатты кеште «Әкелер Кеңесінің үздік төрағасы» анықталды. Сондай-ақ мектепке арнайы демеушілік көмек көрсеткені үшін «Жомарт жүрек» иесі марапатталып, көп балалы әкелер «Даңқ сәті» аталымын иеленді. Әсіресе, көпшілік ықыласына бөленген 18 баланың әкесі Виктор Владимрович болды.
Салауатты өмір сүру орталығын қалыптастыру орталығының маманы Бауыржан Мұқашев әкелер денсаулығын нығайту жайлы әңгіме өрбітіп, маңызды мәліметтерімен бөлісті.
Балаларымен бірге ән салып, би билеген әкелер жиыннан көңілді күймен тарқасты.
Сәуле Қожыбекова, білім бөлімінің бас маманы:
-Қаламызда әкелер слетінің жұмысын бастағанына екі жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралағында әкелермен бірлесе бірқатар жұмыстар атқардық. Отбасында бала тәрбиесі көбіне аналардың мойнына жүктелетіні рас. Біз бұл сеңнің сетінегенін қалаймыз. Әкелер де мектеппен тығыз қарым-қатынас жасап, ондағы өмірге араласуы қажет.
Айзада Сламбаева
519 всего, 12