423340

Семей. 07.02. “Semeyainasy” – Семейде орын алған көмір тапшылығы жайлы соңғы уақытта көп айтылып жүр. Жағдайды бақылауға алу үшін шаһарға энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев келіп кетті. Оның айтуынша, алдағы уақытта елде көмір тасымалдаудың жаңа жүйесі енгізілмек. Қатты отынмен, ең алдымен, қарапайым халық қамтамасыз етілуі тиіс. «Қаражыра» кенішіндегі жағдаймен танысқан энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев Үкіметке осындай ұсыныс жасамақ.

Қаражыра – Қазақстандағы көмірге бай кен орындарының бірі. Мұндағы қатты отынның қоры шамамен млрд. тоннадан асады. Өткен жылы кен орны тұтынушылар мен щаһардағы мекемелерге 7 млн. тонна көмір тасымалдаса, биыл бұл көрсеткіш 600 мың тоннаға көбейеді.

-Көмір бағасының қымбаттауы, ең алдымен, өткен апталарда орын алған  аязға байланысты. Екіншіден, шалғайдағы аудандардан келетін жүк көліктері көбейді. Бұған қоса Талдықорған, Қарағанды, Павлодар қалаларынан да сұраныс бар. Олардың саны көбейген сайын қатты отынның бағасы да көтерілуде. Бағаны көтеріп отырған – тасымалдаушылар. Себебі, кен басында қатты отынның тоннасы 5800 теңгеден. Әлбетте, баға тұтынушыларға жеткенше бірнеше есеге қымбаттайды. Біз бұған ешқандай шара қолдана алмаймыз, – дейді «Қаражыра» АҚ-ның коммерциялық басқарушы директоры Әсет Сыдықов.

Көмір тапшылығына байланысты туындаған келеңсіздіктерге алаңдаулы энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев үкіметке қатты отынды тұтынушыларға жөнелтудің тәртібін қайта қарауды ұсынбақ.

– Көмір ең алдымен қарапайым халыққа жөнелтілуі керек. Содан кейін ғана жылу қазандықтары мен кәсіпорындар қамтамасыз етіледі. Ішкі нарық сұранысы өтелгеннен кейін ғана экспортқа шығу керек. Бірінші кезекте қазақстандық сұранс қанағаттандырылуы тиіс, – деді энергетика вице-министрі.

-Тасымалдаушыларды анықтап, тиісті жұмыстарды жүргіземіз. Кәсіпкерлерден де ұсыныстар түсіп жатыр. Заң жүзінде келісімшарт құжаттарын реттеп, талап та қоя аламыз. Сол арқылы  бағаны бір жүйеге түсіруге болады, – дейді қала әкімі Ермак Сәлімов.

Айта кетейік, «Қаражыра» кен орны қаңтарда халыққа 217 мың тонна көмір жөнелтсе, ақпанда қосымша тағы 50 мың тонна көмір өндіруді жоспарлап отыр.

Айзада Сламбаева

 439 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *