Семей. 03.02. «Semeyainasy» Шығыс Қазақстандағы Глубокое ауданында алдағы таңда қос бірдей әлеуметтік маңызды нысан бой көтереді. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов жаңа Мәдениет үйі мен дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды тапсырды.
Жаңа жылдағы аудандарға сапарын бірінші болып Глубокое ауданынан бастаған Даниал Ахметов аудан әкімінің халық алдында есеп беру жиынына қатысты. Халық бағасы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Биыл да бірсыпыра іс қолға алынған. Мәселен, «Аймақтарды дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша 4 ауылға су құбыры жүргізіліп, ауыз су мәселесі шешіледі. Десе де, аудан белсенділері облыс басшысына мәдениет пен спортқа серпін берер жаңа ғимараттар қажеттігін жеткізді.
– Мәслихатпен бірге отырып, Мәдениет үйі әлде дене шынықтыру-сауықтыру орталығы, қайсысын бірінші салу керек, ақылдасыңыздар. Нақты жүзеге асыру уақытын бекітуді тапсырамын. Заманға сай Мәдениет үйі жоқ аудан – ол қандай аудан?! Жастар бас қосатын, шығармашылықпен айналысатын, кітапханасы бар ошақтың керектігі рас. Сондықтан бұл маңызды істің жүзеге асатынына зор сенім білдірулеріңізді сұраймын, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
453 всего, 3