Жуырда Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің Тәуелсіздік залында қазақ өнерінде ойып тұрып орын алған, барша қазақты өз әнімен тамсандырған, туралығымен турап түсер мінезі бар, қара домбырада ән айтып қаймана қазақтың қазаққа қай жағынан да мықты екенін таныта жүрген, бір қазақтың емес, бар қазақтың әншісі атанған ҚР еңбегі сіңген әнші, актер, композитор Болат Күнтуұлы Сыбановтың туғанына 80 жылдығына арналған «Өнер –менің өмірім атты» еске алу кеші өтті.
Сыршыл да әуезді әнімен халық жүрегіне жол тапқан, өзінің орындаушылық қабілетімен сүйкімді, тамаша асқақ дауысымен жұртшылыққа жақсы танымал әнші , актер, композитор, ақын Болат Күнтуұлы Сыбанов 1938 жылдың мамыр айында Семей облысы Жаңа Семей ауданына қарасты «Изатолла» ауылында дүниеге келді. Семейдің іргесіндегі Құрманғожа аулында Болаттың балалық шағы өтті. Аяулы әкесі Ұлы Отан соғысында қаза тапты. Шиеттей баламен қалған ана көп бейнет шекті Семейдің №16 қазақ орта мектебінде оқыды. Сегіз класты бітіргеннен кейін, жалғыз қалған анасына көмектесуді ойлап, ерте еңбекке араласты. Болат әншілік жолын 10 жасынан бастады. Болат он жасынан ауыл арасындағы той-думанда ән салып, әнші атанды. Болат Сыбанов –арнайы музыкалық білімі болмаса да, домбыра, фортепиано, баянда жақсы ойнаған. Оның музыкалық шығармашылығын «Мелодия» фирмасымен жарық көрген күйтабақ та дәлелдейді. Қазақ халқының радио мен телеарнасының алтын қорына оның авторлық орындауымен мынадай әндер енген: «Ақ бұлақ», «Таң самалы», «Ғашықтар термесі», «Жан ана», «Әке туралы» т.б. Көптеген әндері Түркия, Швеция, Германия, Моңғолия, Қытай елдеріне де танымал. Б.Сыбанов еңбек жолын 1957 жылы Абай атындағы қазақ драма театрында әртіс болудан бастап, біраз уақыт Алматы филармониясында солист болып, кейін Семей қаласына оралып, өмірінің соңына дейін туған сахнасында еңбек етеді. Өзінің театрдағы шығармашылық жолында Болат Сыбанов 100-ден астам көрнекті образды сомдаған. Атап айтсақ, М.Әуезовтың «Айман-Шолпан», «Жаяу Мұса», «Башмағым» -татар спектакліндегі өзіне жүктелген кейіпкерлерді өте жауапкершілікпен, тамаша шығарған. Болат Күнтуұлы өзінің сахнадағы ерекше және тартымды рольдерімен әртүрлі ортада, жұртшылық алдында орындаған концерт кездегі әншілік өнері, халыққа интернационалдық, қазақстан патриоттылығын тәрбиелеу ісіне көп үлес қосқан. Ол шығарған «Жан ана», «Жайна Семей», «Туған жер» т.б. әндері граммофон дискісіне жазылып, республика, шетел тыңдаушыларының игілігіне айналған. Орта Азия мен Бүкілодақтық әнші-композитор конкурсының лауреаты атағына ие болған. Ол 60-тан астам әндер шығарған композитор 1975 жылы 7 әні күй табаққа енді. Болаттың драма әртісі болып шығуына ең алғаш үлкен еңбек еткен тәрбиешілері: Қазақ ССР-нің халық артистері –Н.Атаханов, С.Қыдыралин, Ғ.Абдрахмановалардың еңбектері зор болды.
Болат Сыбанов халық әндерін және жаңа әндерді орындағанда, өзінң ерекше жан сезіміне, дауыс ерекшелігіне репертуар лайықтап алып, тыңдаушы жүргеіне жол табудың жолын іздестіретін талғампаз әнші. Өзінің орындау мәнерін іздестіру жолында тынышсыз еңбек ететін ізденгіш жан. Әннің шарықтау шегін, ішкі астарын, азаматтық үнін дөп басып орындайтын сезімтал әнші. Халық термелері мен қазақ ақындарының өлең дастандарын әнші шабыт үстінде отырып, сізді жазира жаздың салқын самалына бөленгендей , айызың қанып, нөсерден кейінгі шуақтай түрленіп, тұғырында түлген гүлдей жайнап кетерің анық. Болат Сыбанов театрдың музыкалық мәденетін көтеруге үлкен үлес қосты. Ол өзінің әншілігімен ғана емес, композиторлық дарындылығымен театрдың «Сахна сазы» ансамблінің қалыптасуын, оның концерттік номерлерінің сәтті, табысты болуына зор ықпал жасады. Кешіміздің алғашқы сөз кезегін музей директорының міндетін атқарушы Л.Әлжанға берілді. Болат ағамыздың әндері шырқалды.
Кешіміздің қонағы Болат ағамыздың жары Үміт апамызда келіп, өзінің ойын, жылы лебіздерін білдірді. Экранда Болат Сыбановқа арналған слайдтар көрсетілді. Болат ағамызды еске алу кешіне туыстары, таныстары, мәдениет саласының қызметкерлері, студенттер қатысып, біраз адамдар сөз сөйлеп, ағамызды еске алды.
«Халықтық ақындар» орталығының жетекшісі Дәметкен Серікбайқызы,
Болат ағамызды еске алу кешімізге қаламыздағы «Ақсақалдар алқасы» кеңесінің төрағасы Амантай Айтмырзаұлы мырза келіп өз ойларын бөлісті.
Бүгінгі таңда Болаттың творчестволық қолтаңбасы айқындалған халыққа танымал әнші, елге белгілі актер, айтулы композитор, терең ойлы ақын. Көптеген жылдар ішінде аянбай еңбек төккен тер ақталып, қазақ өнерінің абыройы өсуіне, мерейі үстем болуына үлес қосып, оның жан-жақты дамуы мен көркеюіне ат салысқан халқымыздың өнер саңлақтары қатарында.
Қазақ әндеріне тән әуезділік, кең тыныс пен нәзік лиризм тек қазақ сахнасында, тек қазақ сияқты жаны жомарт, пейілі таза, сыршыл да ақынжанды халықта ғана тууы мүмкін. Болат Күнтуұлы Сыбанов әншілік жолында ешкімді қайталамайтын, өлеңі мен әнін өзі жазатын дарын иесі.
Толеубаева Анар Маратовна
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің жоғары дәрежелі маманы
694 всего, 6