Семей. 10.01. “Semeyainasy” – Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік Университетіндегі денешынықтыру және спорт кафедрасының студенттері мен оқытушылары Корея Республикасының Пхенчан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасына қолдау көрсету мақсатында акция өткізді.
Қаладағы шаңғы базасында салауатты өмір салтын ұстаушы белсенділер шаңғы тебуден жарысқа түсті. Олар 3 және 5 шақырым қашықтықта бақ сынады.
– Біздің олимпиадалық спортшылардан бөлек, Шәкәрім атындағы оқу ордасы халықаралық кластағы спорт шебері, университет магистранты Галина Вишневскаяға ерекше қолдау білдірмек. Г.Вишневская Қазақстанның биатлон бойынша үздіктер қатарынан екенін бірнеше мәрте дәлелдеп бергені баршаға аян. Мен спорт ардагері ретінде ұйымдастырылып отырған акцияға қуана қатыстым. Бұл бір жағынан қазақстандық спортшыларға рух сыйласа, екінші жағынан таза ауамен тыныстауға мол мүмкіндік береді. Семейде бастау алған игі шара республиканың басқа да аймақтарында жалғасын табады дегенге сенімім кәміл,-деді Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік Университеті дене шынықтыру және спорт пәні мұғалімі Рахымтай Абаков.
Айта кетейік, 2018 жылғы Олимпиада ойындарына 80-нен астам елдің 5 мыңнан артық спортшысы мен ресми өкілі қатысып, спорттың 15 түрінен 102 медаль сарапқа салынады деп көзделуде. Қазақстан биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы жарысы, шорт-трек, конькимен сырғанау, шана спорты, шаңғы тебу, трамплиннен шаңғымен секіру, фристайл сынды 9 спорт түрі бойынша бақ сынамақ.
Бүгінгі таңда ұлттық құраманың биатлоннан 10, мәнерлеп сырғанаудан 3, шорт-тректен – 10, жиыны 23 олимпиадалық лицензиясы бар. Лицензияларды жеңіп алу 2018 жылдың 30 қаңтарына дейін жалғасатын болады.
Айзада Сламбаева
530 всего, 3