IMG_7994

Семей. 09.01. «Semeyainasy» – Бүгін Семейге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин жұмыс сапарымен келді. Арнайы іссапармен өңірге ат басын бұрған Сенатор Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде жоғары оқу орынның Аграрлық факультет профессорларымен, оқытушыларымен кездесу өткізді. Қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова мен қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжаловтың қатысуымен өткен кездесу барысында ол жоғары палатада атқарылып жатқан жұмыстармен, Сенат қабырғасында өткен жылы аграрлық-өнеркәсіптік кешеніне қатысты қаралған және қабылданған заң жобаларымен жан-жақты таныстырды.

 

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин өз сөзінде «Жайылым туралы» Заңды кеңінен тарқатып берді. Өзгертулер мен толықтырулар енгізілген аталмыш Заң орманды алқаптар, су қорлары, ерекше қорғаудағы жерлердің шөбін шауып, мал бағуға пайдалануды дамытуға негізделгенін айтты. Сонымен бірге «Ветеринария туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының да қаралғанын атап өтті. Сенатордың айтуына қарағанда, осы Заң жобаларын іске асыру жолында Жер және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы», «Ветеринария туралы», «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» және «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр.

 

Айта кетейік, 2017 жылы Сенатта 94 Заң жобалары қаралып, қабылданды. Сенат жанынан құрылған аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту комитетінде 7 Заң жобасы қаралған. Оның ішінде «Жайылым туралы» Заң өткен жылы қабылданған. Енді 2018 жылы Парламентке келіп түскен ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешенін реттеу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң Мәжілісте қаралып, Сенатқа жіберіледі. Бұл заңды Дүйсенғазы Мусин жүргізетін болады.

 

Кездесуде Дүйсенғазы Мусин 2017-2021 жылдарға арналған  мемлекеттік агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына да тоқталып өтті. Сонымен қатар Сенатор шекаралық аудандар мәселесіне көңіл аудара отырып, ондағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешілуі қажеттігі туралы да ой қозғады. Айтуынша, еліміздегі 168 ауданның 79-ы шекара маңында орналасқан. Мұнда қоныстанған халықтың үлесі барлық республика халқының 31 пайызын құрайды. Жұмыссыздық пен тұрмыстық ахуал осы аумақтардағы біршама ауыл-аймақтардың қаңырап қалуына әкеліп отырғанын айтқан Дүйсенғазы Мағауяұлы, мұның өзі елдің қауіп­сіздігіне кері әсерін тигізетінін ерекше атап өтті. Осы орайда ол шекара маңы аудандары мәртебесін заңнама түрінде бекітіп, шекарамен шектес аудандардың ерекшеліктерін ескеретін санаттық градацияларға негізделген кешенді бағдарлама жаса­луы керектігін тілге тиек етті.

 

Айзада Сламбаева

 449 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *