6bSIezyi0Dk

Ұлтымыздың сонау заманынан келе жатқан қолөнерін меңгеріп, ата-бабамыздан қалған ұлы мұраларды қайтадан жаңғыртып, жаңа бір леп беріп жатқан жандарды көргенде шыны керек қуанып кетесің. Он саусағынан бал тамған өнерлі жандар әр ортаға керек. Олардың еңбегін бағалап, халыққа осындай тау тұлғалы азаматтарымызды насихаттап жазу біздің басты міндетіміз.Семейде ағаштан түйін түйетін қолөнер шеберлері жетерлік. Солардың бірі – Сəкен Назарханұлы.

Көне дәстүрді жалғастырып келе жатқан Сәкен ағаның шығармашылық жұмыстары әрқилы. Ол түрлі материалдармен жұмыс жасайды. Оның ішінде киіз үй жабдықтары, ыдыс-аяқтар, ұлттық саз аспаптары, қару-жарақ түрлері сынды қазақи нақыштармен өрнектелген туындыларының орны бір төбе.

Сәкен Назархан мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде, Асқар Слямов атты ұстазына еліктеп қолөнер шебері болуды армандапты. Бала арманы оның Семейдегі дизайнерлік училищеге оқуға түсуіне себепкер болды. Кейін «Союз-Мир» суретшілер шеберханасында жұмыс істей жүріп, суретші-дизайнер мамандығы бойынша Шәкәрім университетінің бейнелеу өнері факультетін сырттай бітіреді.

EZcG8UX4_ck

1990 жылдардың басында халық шаруашылығы төмендеп, өмір сүру қиындай бастайды. Осыған қарамастан Сәкен аға сүйікті ісімен айналысуды тоқтатқан жоқ. Керісінше одан әрі шыңдалып, ерекше туындыларын өмірге əкеледі.

Өмірде қымбаттың бәрі қиынға түседі. Алайда ол қиындығына қарамастан өнер жолын таңдады. Туындыларын халықпен бөлісіп, жеке көрмесін де жиі ұйымдастырып тұрады. Қазақы болмыс пен қазақы мәдениеттің иісі аңқып тұратындықтан да болар, шетел азаматтары да Сəкен ағаның қолөнер бұйымдарына тамсана қарайды. Ұлттық өнерді насихаттаудағы еңбегі де елеусіз қалған емес. Жуырда «Экспо – 2017» көрмесіне қатысып, қазақтың ұлттық өнерін тағы бір мәрте көпшілікке паш етіп қайтыпты.

Өз ісінің нағыз шебері Сәкен Назарханның бойында ұлттық намыс, ұлттық рух атойлап тұр. Қазағын жанындай жақсы көреді. Ұлтымның мерейі әр уақытта үстем болсын дейтін азамат. Төл мəдениетімізді көпшілікке насихаттаудан лəззат алатын, елі үшін аянбай қызмет етіп жүрген ардақты жандардың қатарынан.

Сәкен Назархан – өте еңбекқор. Бүгінде Семейдің тарихи-өлкетану мұражайы және Абай музейімен тығыз байланыс орнатып, көптеген игі істерге мұрындық болуда. Қазіргі уақытта мұражайда сақталған ескі бұйымдарды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жүр екен.

YV3SrZSFiO4

Әрбір туындысын нақышына келтіру үшін бұйымның шығу тегіне, астарына үңілуді әдетке айналдырған. Ағашты да өзі таңдайды. Демалыс уақытында табиғат аясына барып, түрлі иірімде бұралып өскен ағаштарды Ертіс бойынан немесе қала сыртындағы орманнан әдейлеп іздейтін əдеті де бар болса керек. Себебі ағаштың сапалылғы аспаптың табиғи дауысына зор әсерін тигізеді.

Бүгінде ағаш, сүйек, тері, мельхиор, күміс сияқты материалдарды пайдаланып, түрлі бұйымдары мен бүркітші құралдарын, бес қару, домбыра жасап жүрген жайы бар. Алайда ең үздік туындаларының қатарына Қорқыт атаның жан сырласы – қобызды жатқызатынын əңгіме барысында сөзге тиек етті.

-1Gawe6d7wY

Аңыз бойынша алғашқы қобызды ақындардың жебеушісі Қорқыт-ата жасап шығарған. Адамдардың жанын күнәдан тазартып, ен даланы бейбітшілікке толтыру үшін ол ағаштың бүтін бөлігінен алғашқы қобызды кесіп шығарып, жер бетіндегі әрбір адам естіген сиқырлы әуен орындайды. Содан бері көптеген ғасыр өтті, қобыздың түрі де өзгерді. Алайда ол әлі күнге дейін қазақ мәдениетінен ойып орын алған сазды аспап болып қала береді.

Қобызды жасауға кез-келген материалдың таңдалып алынбайтыны – оның жасалу жолының күрделі екенінің айғағы. Шанағына түйе терісі, ішегіне бесті айғырдың құйрық қылы, мойнына кебуі келіскен қарағаш, тиектеріне тау текенің немесе ірі қала малдың сүйегі, қайың сынды қатты ағаштар қолданылып жасалған қобыз ғана ғасырлар қойнауынан тіл қата алады. Сондай қобыздың бірін Сәкен аға да жасаған.

Қазақтың қол өнерін жалғастырып жүрген жерлесіміздің еңбегіне жеміс тілейміз.

Ғанибек Түсіпбек

 

 1,114 всего,  12 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *