Семей. 22.12. «Semeyainasy» – Еліміз үшін спорттық додаларда биылғы жыл шынымен де нәтижелі болды. Әсіресе жерлесіміз Айбек Нұғымаровтың бабы мен бабы қатар шауып,әлемдік жарыстарда топ жарып, Қазақстанның абыройын асқақтатып, көк Туымызды бірнеше мәрте көкке желбіретті. Айбек Нұғымаровтың Астанада өткен «Әлем барысы ‒ 2017» турнирінде ешкімге дес бермей, алтын медальді олжалағаны бір төбе. Осы жеңістері Семей жұртшылығының мерейін үстем етті.
Осыған орай қала әкімі Ермак Сәлімов бүгін жерлесімізді жеңісімен құттықтап, сый-сыяпаттарын табыстаған еді. Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайында Қазақстанда қазақ күресінен тұңғыш рет төрт дүркін әлем чемпионы, Шығыстың шымыр балуаны, ауыр салмақта халықаралық спорт шебері Айбек Нұғымаровты музей директоры Болат Жүнісбеков арнайы қарсы алып, салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің құттықтау мадақтамасымен марапаттап, мұражайдың арнайы төсбелгісі – «Абай» медалін кеудесіне тақты.
Айбек Нұғымаров бұл кездесуді ұйымдастырған барлық азаматтарға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта қазақ күресінде қол жеткізген бір белбеуі мен алтын медалін мұражай қорына табыс етуге уәде етті.
Ғанибек Түсіпбек
545 всего, 3