DSC_0294

Семей. 15.12. “Semeyainasy” – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің «Тәуелсіздік – ата бабаларымыздың асыл арманы» атты мерекелік шарасы жиналған жұрт алдында 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнінің мәні мен мазмұнын жан-жақты паш етті. Қаланың зиялы қауымы мен студент жастары музейдің күмбез залында иық тіресіп, лық толып отырды.

Мерекелік жиын мемлекетіміздің Әнұранын  шырқаудан басталды. Музей директоры Болат Жүнісбекұлы басқосудың маңызына тоқтала келе биыл Елордада өткен EXPO-2017 халықаралық көрмесінде Абай мұрасын насихаттауға атсалысқан азаматтарға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хаттарын табыстады.

Мерекелік жиында күмбірлеген күйлер төгіліп, әсем әндер шырқалып, жиналғандарды ризашылық сезімге бөледі. Әсіресе, Саз колледжі жанындағы «Ес-аймақ» студент-жастар театры «Қайсар рухты қазақ» қойылымын сахналады. Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарына арналған қойылым көпшіліктің көңілінен шықты.

Келер жылы ғұлама ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толмақ құрметіне әрі Шәкәрімнің шығармашылығын жан-жақты насихаттау мақсатында Абай музейі әзірлеген «Шәкәрім» сайты мен «Шәкәрім – 160» виртуалды көрмесі көпшілікке таныстырылды (www.shakarim.kz). Бұл бастама Шәкәрім еңбектері мен ол туралы танымдық дүниелерді бір жерге топтастыруымен құнды.

Сонымен қатар, Абай шаңырағының 2017 жылы шығарған кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, жаңадан басылған туындылар таныстырылды. Олардың арасында: Әсет Найманбайұлының екі томдық шығармалар жинағы, «Әуезов және Аягөз», «Абай өлеңінен нәр алған», «Абай өлеңдерінің хронологиясы», «Жас Мұхтар», «Көксерек», «Шыңғыстау жері, Шыңғыс елі» кітаптары және «Шыңғыстау. Ұлылар шыңы» қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі фото-альбом мен Көкбай Жанатайұлының қолжазбасы бар.

Музей жанынан ашылған «Абай» өнер мектебінің шәкірттері Тәуелсіздік күніне арналған жырларын оқып, өз өнерлерін ортаға салды.

Мерекелік салтанат соңынан оған қатысушылар Абай музейінің алдына шығып, Алаш аспанының ашықтығына, бейбіт өміріміздің баянды болуына деген тілектестікпен ақ көгершіндер ұшырды.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі

 493 всего,  12 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *