Семей 15.12. “Semeyainasy” – ҚР Тәуелсіздігінің 26 жылдығы Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде кең көлемде аталып өтілді. Шаһардағы қасиетті қара шаңырақ Абай атындағы қазақ музыкалы –драма театрындағы ел егемендігін ұлықтау шарасы білім ошағында жалғасын тауып, салтанатты лездемеде көрініс тапты. Лездемеге мектеп әкімшілігі, ұстаздар, оқушылар бір кісідей қатысты.
Өскелең ұрпақты отанды сүюге тәрбиелеу, туған елін, жерін қорғау әрбір азаматтың міндеті екенін жете сезіндіріп, танымдық қызығушылықтарын арттыруды басты мақсат етіп алған лездемеде соңғы 1 ай ішінде түрлі сайыс, олимпиадаларда жеңіске жеткен шәкірттер мен ұстаздар марапатталды. Лездемеге қатысқан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылкасимова Тәуелсіздік еліміздегі басты мереке екендігін айта келіп, әріптестері мен оқушыларға өз құттықтауын арнады.
Лездеме мемлекеттік әнұранымызбен басталып, салтанатты жиындарда көк байрағымызды ұстаушы «үштік» мүшелері ауысты. Егер Туымызды осыған дейін Айбек Жұмағалымов, Нұрасыл Қайратұлы, Алина Қонарбаева, Әдия Ядкарова, Әйгерім Саньязова есімді 12 сынып оқушылары алып жүрсе, ендігі бұл құрметке Серік Ернар, Аружан Байзақ, Ақерке Нұрмұхаметовалар ие болды.
Салтанатты шара аясында мектеп дамуына қосқан үлестері үшін денешынықтыру пәнінің мұғалімі Нұржан Жақсыбаев, жаһандық перспективалар пәнінің ұстазы Мориц Хрвое, математика пәнінің ұстазы Льерка Больят мақтау қағазымен марапатталса, экономика пәнінің мұғалімі Алан Симмондс пен жұбайы Шелли Симмондсқа ата салтымен қазақы шапан жабылды.
Мектебіміз дарынды оқушыларға ғана емес, жүлделі орындардан көрініп, биік белестерді бағындырып жүрген спортшыларымен де мақтана алады. Сондай сегіз қырлы, бір сырлы шәкірттеріміздің бір тобы бүгінгі лездемеде қатарластарының алдында мәртебелері аспандай түсті.
Мәселен, ағымдағы жылы Өскемен қаласында І-ші Республикалық «Жас толқын» балалар және жасөспірімдер шығармашылығы ән байқауы өтіп, онда «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша І орынды мектебіміздің 8 «Е» сынып оқушысы Алтыния Ғазизова жеңіп алса, ІІ орынға 9 «А» сынып оқушысы Дана Мұканова ие болған. Болашағынан көп үміт күттіретін күміс көмей қос әншімізбен бірге оларға музыкалық бағыт –бағдар беруші ұстазы Руслан Қасенов те лайықты құрметке бөленді.
2017 жылдың қазан айында «Қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау» секциясында Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсында мектебіміздің 11 « Е» сынып оқушылары Ақерке Әсетова мен Нұржан Бөдес ІІІ орын иеленген еді. Лездемеде осы шәкірттеріміздің жеңістері де ұмыт қалмады.
Семейде соңғы бірнеше жылдан бері Анатолий Мешковты еске алуға арналған әскери –спорттық жарысы өтеді. Биылғы жарысқа жиыны 32 команда қатысып, зияткерлік мектеп үздік үштіктен көріне білді. Осы жарыста мектеп намысын Айжан Оспанова, Нұржанат Нұрымқызы, Гүлшат Ерболатова, Нұрбол Абдыханов, Нұржан Бөдес, Ермахан Ғабдулкәрімұлы сынды оқушыларымыз қорғаған болатын.
Сондай –ақ Алматы қаласында Информатикадан ІХ Еуразиялық олимпиада өтіп, оған қатысқан 12 «F» сыныбының оқушысы Теміржан Юсупов пен 11 «D» сынып оқушысы Алдан Дүйсенғалиев жалпы командалық есепте ІІ орынға ие болып, мектебіміздің атын тағы бір мәрте шығарды. Бұл олимпиадаға Қазақстан,Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мемлекеттерінен талантты оқушылардың бақ сынасқанын айта кетуіміз керек.
Ал, қараша айының соңында Шымкент қаласындағы «Мирас» университеті ұйымдастырған «БҰҰ моделі» сайысында біздің дебат клубының мүшелері арнайы сертификатқа ие болды.
ҚР Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай өткізілген үстел тениисінен қалалық жарыста командалық есепте ІІ орын алған ұстаз, шәкірттеріміз бен мектепішілік «Кубик Рубик», тоғызқұмалақ, шахмат жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері салтанатты жиында өз марапаттарына ие болды.
Лездеме «Қазақстаным алға» әнімен қорытындыланып, жақсы тілек, естелік суретке түсумен қорытындыланды.
Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі
685 всего, 3