Семей. 15.12. “Semeyainasy” – Бүгін қалалық әкімдік қызметкерлері халыққа электронды қызмет түрлерін насихаттау мақсатында «Электронды азамат» жәрмеңкесін өткізді.
Республикада egov.kz үкімет порталының іске қосылғанына 10 жылдан астам уақыт өтсе де, тұтынушылар саны өте аз. Семейдегі жағдай да осыған саяды. Қала халқының тек 5 пайызы ғана аталған порталдың көмегіне жүгінеді екен.
Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 171 қызмет түрі көрсетілсе, еgov.kz порталы арқылы 500-ден астам қызмет көрсетіледі. Оның ішінде азаматтардың тұрақты мекенжайы, мал-мүлкі немесе сотталғаны туралы ақпараттар сұранысқа ие болып отыр.
Электронды қызмет алу үшін, ең алдымен, азаматтардың электронды цифрлы қолтаңбасы болуы керек. ЭЦҚ азаматтардың өзі жайлы мәліметтерді қорғауы үшін қажет.
– Электронды цифрлы қолтаңба алу үшін еgov.kz порталы немесе халыққа қызмет көрсету орталығына келу арқылы өтініш беруге болады. Ол үшін жеке куәлік жеткілікті. Өтінішті тек халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары ғана қанағаттандыра алады. Сондықтан қолтаңба алу үшін міндетті түрде орталыққа бару қажет. Азаматтың жеке поштасына электронды цифрлы қолтаңбаны жібергенен кейін, мәліметтерді өшіріп тастаймыз. Электронды цифрлы қолтаңбаның кілтсөзі арқылы азаматтар кез-келген электронды қызмет түрін алу мүмкіндігіне қол жеткізеді, – дейді Семей қалалық №1 халыққа қызмет көрсету орталығының бас менеджері А. Тәттібаева.
Еgov.kz порталының мобильді қосымшасын Google play, App Store, Windows Market онлайн дүкендері арқылы ұялы телефонға жүктеуге де болады. Сол арқылы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу, азаматтық, миграция, иммиграция, жылжымайтын мүлік, салық, құқықтық көмек, кезекті брондау, баланы балабақшаға кезекке қою, мемлекеттік тұрғын үй және т.б. мәселелер бойынша қызмет алуға болады.
Айзада Сламбаева
395 всего, 3