Семей. 14.12. «Semeyainasy» – Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы-драма театрында Семей қаласы жастарының дәстүрлі форумы өтіп, қарымды қуатымен, жаңашылдығымен, біліктілігімен дараланған жастар Семей қаласы әкімінің «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» сыйлығын жеңіп алды.
Атап айтар болсақ, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің студенттері – «Жас Отан» жастар қанатының көшбасшысы Жомарт Риятов пен «Қазақстан студенттер Альянсы» Семей қалалық бөлімшесінің көшбасшысы, «ҚР Үздік студенті -2017» байқауының жүлдегері Ерасыл Төлеуқадыров «Жылдың жас көшбасшысы», «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дархан Жұмаділов «Жылдың жас кәсіпқойы», «Жастар және балалар ұйымдарының Шығыс Қазақстан облыстық Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Семей қалалық филиалы «Жылдың жастар ұйымы», Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығының студенті, «Студенттік парламент» ұйымының спикері Әліби Ыбыраев «Жылдың жас еріктісі» аталымдарына ие болды. «Отбасы – ұлттық тірегі» ұстанымын берік ұстанған Бауыржановтар және бақытты отбасын – бақытты елдің тірегі деп санайтын Әбдікешовтер жанұясы «Жылдың жас отбасы» аталымдарына лайық деп танылды. Ал самбо, дзюдо күрестерінен халықаралық дәрежедегі ҚР спорт шебері, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығының студенті Зере Бектасқызы мен Семей көп салалы колледжінің дене тәрбиесі және спорт мамандығының студенттері, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР құрамасының мүшелері Ернар мен Ернұр Қидахметовтер «Жылдың жас спортшысы» мәртебесіне қол жеткізді.
-Құрметті, жас достар, биылғы жыл – Алаштың ғасыр тойы. Мен жастарға сенемін деп Мағжан ақын үміт артқан сендер бақытты ұрпақсыңдар. Азаттыққа қол жеткізген егемен елде өмір сүресіңдер. Мен баршаңызды қала әкімі Ермак Сәлімовтің атынан Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздік – болашақтың бастауы. Біздің алдымызда ұлы мақсаттар тұр. Отанымызды дамыған елдер қатарына қосу жолында бәріміз де табысты болайық. Егемен ел қуанышы құтты болсын, – деді қала әкімі аппаратының басшысы Зәуреш Исабаева.
«Жылдың жас кәсіпқойы» Дархан Жұмаділов:
– Елбасымыз еліміздің ертеңі, мемлекеттің жарқын болашағы – білімді де білікті, әрі алғыр жастардың қолында екенін әрқашан айтып келеді. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында қол жеткізіп отырған бүгінгі жүлдемізді – еңбегіміздің бағалануы деп білемін. Бұл марапат біздің болашаққа сенімімізді арттырып, жігерімізді жанып отыр. Біз, жастар, Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етіп, барлық күш-жігерімізді сарп етуге дайынбыз. Құрметті жастар, бүгінгі заман – білекке емес, білімге сенетін заман. Төбемізде тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреп тұрған шақта, еліміздің ертеңі үшін аянып қалмауымыз керек. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, жастарымыз қуатты болсын.
Салтанатты кеш мерекелік концертпен қорытыланды.
Айзада Сламбаева
466 всего, 12