Семей. 14.12. “Semeyainasy” – Бүгін Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы-драма театрында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтіп, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов «Семей қаласының Құрметті азаматы» лауазымына ие болған азаматтарды марапаттады.
Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов:
– Ардақты ағайын, қымбатты жерлестер! Егемендікке қол жеткізіп, ту тіккен тұғырлы Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Біз үшін азаттықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ. Бұл бабалар арманы орындалған ұлы күн. Сол күн – бүгінгі тарих. Жасампаз елдің жаңа тарихы Елбасымен бірге жазылып келеді. Ынтымақ пен бірілктің арқасында Қазақстанды әлем таныды. Сөз жоқ бұл қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесі. Егемендік пен ерліктің, елдіктің арқасы. Татулық пен тұрақтылықтың, теңдіктің табысы. Мереке құтты болсын, жерлестер!
Жерлестерін мерекемен құттықтаған шаһар басшысы осыдан соң Семей қалалық мәслихатының 2017 жылғы 7 желтоқсандағы шешімімен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Сіләмұлы Еспенбетовке, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, жазушы Ғарифолла Есімге және медицина ғылымының докторы, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, еңбек ардагері, Семей қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайноллан Мусинге Семей қаласының құрметті азаматы» төсбелгілерін табыстады.
Айта кетейік, Семей қаласының Құрметті азаматы атағы үшін қалалық мәслихатқа 14 адамның құжаты келіп түссе, Нұрлан Омаров өз өтінішімен үміткерліктен бас тартқан. Нәтижесінде 13 адамның құжаты қаралып, Қайноллан Мусин 20 дауысқа, Арап Еспенбетов 18 дауысқа, Ғарифолла Есім 16 дауысқа ие болған.
Марапаттау кеші мерекелік концертке ұласты.
Айзада Сламбаева
953 всего, 12