3

Семей. 05.12. “Semeyainasy” – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 28 жыл. Тарих қойнауына еніп, санадан көмескіленіп бара жатса да, 10 жылға созылған соғыстың лайықты бағасы әзірге толыққанды берілген жоқ. Десе де, әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борышын туған елінен жырақта өтеген интернационалист  жауынгерлер өскелең ұрпақ үшін үлгілі жандар. Еліміздің ертеңі жастарымызды отаншыл, патриот ретінде тәрбиелеуде сүбелі үлес қосып жүрген ауған ардагерлері Отанды сүю әркімнің бойында болуы керек қасиет екенін жиі айтып келеді. 24 қараша күні семейлік ауған соғысының ардагерлері қаламыздағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің арнайы шақыруымен келіп, оқушылармен кездесті.
Кездесу барысында жалындаған жастық шақтарын отты жылдарға арнаған интернационалист жауынгерлер шәкірттермен жүздесу барысында әскери өмірлерінен сыр шертті. Кездесуге келген Александр Цветков пен Совет Айтбаев жеткіншектерге тәрбиелік мәні зор естелік әңгімелерін айтты. Кездесуді мектеп директорының бейінді эксперименталдық жұмыстар жөніндегі орынбасары Райгүл Қайыркенова жүргізіп, оқушылардың ауған соғысы  жайлы хабардар екендігін атап өтті.

2
– Құрметті оқушылар! Ауған соғысы жайлы бұған дейін сіздермен 2 сабақ өткізгенбіз. Жалпы Кеңес әскерінің ұрыс  қимылдары жөнінде құлағдарсыздар. Сол соғыста Кеңес әскерінің құрамында Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеген өрімдей жастардың арасында біздің жерлестеріміз де болды.Бүгін біз солармен кездесіп, ұрыс даласындағы жағдайды естіп білетін боламыз. Өздеріңді толғандырған, қызықтырған сауалдарың болса, ағаларың жауап беруге әзір, -деді Райгүл Алтынбекқызы өзінің алғысөзінде.
Оқушылар жауынгер ағаларының әскерге қалай, қашан алынғанынан бастап, майдан даласында жүріп өткен жолдары, көрген қиыншылықтары жайында сұрап білді. Тіптен бүгінгі бейбіт өмірде немен айналысатындарын, Үкімет тарапынан қолдаудың қаншалықты екендігін де естіді.
–  1979 жылдың шілде айында Семейдегі қазіргі көлік колледжін тәмамдап, қолыма диплом алдым. Біз осы оқу орнын бітірісімен бірден әскери комиссариатқа шақырылдық. Егер білетін болсаңыздар, әскерге шақыру маусымы көктем және күз айларында жүргізіледі. Соған қарамастан жаздың ортасында армияға алынып, алдымен бірнеше ай оқу  жаттығу жиындарына қатысып, дағыдаланған соң соғыс өрті тұтанған Ауған шекарасынан өттім. Бізден ешкім «соғысқа барасың ба?», – деп сұраған емес. Әскери ант қабылдап, қолымызға қару алдық. Соғыс басқа мемлекеттің аумағында жүргізілсе де, біз интернационалистік борышымызды өтедік. Осыны түсінсеңіздер екен, әйтпесе біз ешқандай да басқыншы емеспіз, бейбіт халыққа оқ атқанымыз жоқ, -деді ауған соғысының ардагері Александр Цветков.
– Александрдың айтып отырғанына менде қосыламын. Көпшілік Кеңес әскерінің ауған жеріне енуін түрліше жорамалдайды. Бірақ шындықты біле бермейді. Ауған соғысына біздің араласуымыздың бірден бір себебі  сол кездегі ауған мемлекетінің басшысы біздің ел басшыларынан көмек сұрады. Екіншіден, біз өз еліміздің оңтүстігін қазір «лаңкес»атап жүрген түрлі қарулы топтардан қорғадық. Соғысты ауызбен айтып жеткізу оңай емес. Қаншама қарулас достарымыздан айырылдық. Сондықтан ауған соғысы оңай өтті дегендер болса, сенбеңіздер. Өзіміз 2 жыл сол майданда жүрсек те, ата-ана, туған туысқандарымызға соғыста жүргенімізді айтпайтынбыз. Әрине олар біздің Ауғанстандажүргенімізді білді, бірақ соғысып жүргенімізді анық білмейтін, – дейді Совет Мұратұлы.
Ардагерлер айтқан естеліктерді тұщына тыңдаған оқушылар соғыс тақырыбынан бөлек, интернационалист  жауынгерлердің жеке бастарына қатысты сауалдарын да жолдады.
Кездесуді мектеп директорының бейінді эксперименталдық жұмыстар жөніндегі орынбасары Райгүл Қайыркенова қорытындылап, ауған соғысының ардагерлеріне мектеп ұжымы, оқушылар атынан алғыс айтты. Соңынан қос жауынгерге  мектебіміздің өнерлі 8 сынып оқушыларының қолынан шыққан төлтуындыларын естелік ретінде табыс етті.
Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

 507 всего,  6 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *