Семей. 27.11. «Semeyainasy» – Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде «Конгресс» дебат клубының тікелей бастамасымен тұңғыш Президент күніне арналған «Маусымашар-2018» қалалық пікірсайыс турнирі өтіп, оған 40-қа жуық фракция қатысты. Турнирдің іріктеу және финалдық ойындары Британдық Парламенттік форматында (БПФ) ойнатылды. Осы жолғы додада жас буындар ғана емес, пікірсайыс әлемінде бірнеше жылдық тәжірибесі бар пікір сайысшылар да қатысты.
Дебат ойындарынан тыс «Гитара party», «Сізге менен бір сұрақ» сынды ойындар ұйымдастырылды. Студенттер «Б.П. Адамдар армандамаса, əлем қазіргіден жақсырақ болар еді», «Б.П. Түрме адамды түземейді деп есептейді», «Б.П. Жемқорлықпен ұсталған адамдар алғашқы сот отырысына дейін, анықталған сомманы екі есе қайтарса, жазадан босатылу керек деп есептейді» деген тақырыптарды талқылап, көзқарастарын ортаға салды.
Жарыстың қорытындысына сәйкес, «Конгресс» ИДК-ның намысын қорғаған пікір сайысшылар 3 орынға ие болды. Нақтырақ айтқанда, І орынды Конгресс дебат клубының аға буындары «Forza Milan» фракциясы: Қуаныш Молдақашев пен Асқар Бертаев иеленсе, ІІ орын «Да, наконецто мы!» фракциясы: Елжан Қыдырxанов пен Нұржігіт Бакировке бұйырды. «Братаны зажигают» фракциясының спикерлері: Оралxан Тұрарбекова мен Айман Тортай үздік үштікті қорытындылады.
3 раундтың көрсеткіші бойынша, 80 спикер арасынан ең жоғарғы 340 ұпайға қол жеткізген Қуаныш Молдақашев «Ең үздік спикер» атанды. Әділ төрешілігімен көзге түскен «Парасат» зияткерлік дебат клубының мүшесі Бақыт Аманова «Ең үздік төреші», ал Семей мемлекеттік медицина университетінің «Салауат» пікір-сайыс ордасы «Ең көңілді клуб»аталымдарына қол жеткізді.
Ғанибек Түсіпбек
431 всего, 12