7e12b51cefe79b9917911120fe58607af9291a7a

Семей.09.10. “Semeyainasy” – Автобус – қала тынысының маңызды бөлшегі. Мыңдаған семейлік күн сайын қоғамдық көліктің қызметіне жүгінеді. Жалақының мардымсыздығына қарамастан жолақы қымбаттады. Алайда қоғамдық көлікке қатысты сын көбеймесе, азаяр емес.

Жасыратыны жоқ, қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет сапасы мен қызметкерлердің мәдениеттілігі төмен. Кондукторлар мен жүргізушілер дөрекі сөйлегенімен қоймай, халықты салонға үсті-үстіне ала беретіні тағы бар. Автобус асыққанда біреудің шашы, біреудің аяғы есікке қысылып қалатын кездер де аз болмайды. Таңертең автобус іші үнемі лық толы, діттеген жерімізге жету үшін бір аяқпен әрең тұрып келеміз. Ертең де солай жалғаса береді.

Әрине бәрінде бірдей автобус жүргізушілеріне кінә тағу ағаттық болар. Ертемен жұмысқа асыққан халық қайтсе де автобусқа мінуге асығады. Осы ретте Саяжай, Юность, Шығыс кенті сынды аудандарға қосымша үлкен автобус жіберсе екен деген халық тілегін жеткізгіміз келеді. Себебі алысқа қатынап оқитын оқушылар бар.

Жүргізушілердің қоғамдық көлікте шылым шегетініне де жолаушылар наразы. Бұл орайда жүргізушілердің көлік ішінде кептелісте тұрған жүкті әйелдер мен балалардың жағдайын ойлағаны дұрыс болар еді.

Жүйкесі жұқарған жүргізушілер, қатқыл қабақты кондукторлар, тоз-тозы шыққан орындықтар, қысқасы, баяғы жартас – сол жартас. «Семей – еліміздің рухани астанасы» екенін есте сақтап, осы бір руханиятты қоғамдық көліктегі шағын ғана мәдениеттіліктен бастасақ. Бәлкім қоғамдық көлік қызметкерлеріне этикадан арнайы курстан өту керек шығар…

Айзада Сламбаева

 1,396 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *