Семей.04.10. “Semeyainasy” – Елімізде халықтың діни сауатын көтеру бағытындағы насихат жұмыстары өз деңгейінде атқарылмай отыр. Бұл туралы 3 қазан күні қала әкімдігінде өткен діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында «Ислам нұры» газетінің бас редакторы Дәулет Тлеубердиев мәлім етті.
– Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызы зор. Бүгінгі таңда отандық журналистика саласында діни бағытты ұстанатын көптеген газеттер шығып жатыр. Дегенмен халықтың діни сауатын көтеру бағытында істеліп жатқан жұмыстар әлі де болса өз деңгейінде емес деп айтуға болады. Себебі осы тақырыпқа қалам тартатын журналистер, дінтанушылар және дін қызметкерлері көп жағдайда діни мақалаларды жазуға машықтанбаған. БАҚ беттерінде Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігі көбірек айтылуы керек. Діни қатынасты реттейтін заңнамалар насихатталуы керек. Өкінішке орай бұл мәселе бізде әлі де болса дұрыс жолға қойылмаған, – дейді «Ислам нұры» газетінің бас редакторы Дәулет Рамазанұлы.
Оның сөзінше, БАҚ-да секталар мен діни ағым өкілдерінің өз қатарына жаңа мүшелерді қабылдау тетіктері толық ашылып көрсетілмейді. Журналистер азаматтардың жат ағымдар жетегінде кетіп жатқаны туралы жазады, бірақ оның себебін айтпайды. Жұмыссыздық па, сауатсыздық па, әлде әлеуметтік мәселе ме, осының бетін ашып бере алмай отыр. Бұл орайда журналистік зерттеу мен журналистік талдаудың ақсап тұрғанын айтады Д.Тлеубердиев.
Қала әкімінің орынбасары Надежда Шарованың төрағалығымен өткен мәжілісте Семей қаласының «Воскресенский собор» шіркеуінің басшысы Федор Проскурин де сөз алып, Орыс православ шіркеуінің атқарып жатқан тәрбие жұмыстары туралы баяндама жасады.
Айзада Сламбаева
588 всего, 3