Ерсын

Ел тарихындағы айтулы оқиға – «ЭКСПО-2017» көрмесі де мәресіне жетіп, сән-салтанатпен жабылды. Жасы да, жасамысы да жыр қылып айтқан көрмеден Семей мемлекеттік медицина университетінің студенттері де шет қалмай, еріктілер қатарынан табылыпты. Бұл туралы университет ректоры Ерсін Жүнісов айтып берді.

Университеттің 40 студенті бір айлық жазғы демалысын «ЭКСПО-2017» көрмесінде өткізіп, көрме жұмысына қолдау көрсеткен. Ал 33 студент «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның демеушілігі арқылы көрменің жабылу салтанатына қатысып қайтыпты.
– Елбасымыздың сарабдал саясаты арқасында Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесін абыроймен өткізді. Үш жыл бұрын, көрмені өткізу мүмкіндігін ұтып алған кезде, біз көрменің жауапкершілігі мен мүмкіндігін сезіндік. Шынында да, көрме Қазақстанның дамушы ел ретінде, халық ретінде, мемлекет ретінде нығайғанын әлем халықтарына тағы бір рет танытты деп ойлаймын. Келген қонақтарға елдегі экономика мен ІТ технологияның даму шегін, барлық мүмкіндіктерімізді көрсеттік. Сондықтан «ЭКСПО-2017» көрмесі халықаралық қатынастардың дамуына даңғыл жол ашып, ел экономикасының дамуына, медицинаның жаңа белеске көтерілуіне тың серпін берді деп айтуға толық негіз бар. Семей мемлекеттік медицина университеті де көрме жұмысының ойдағыдай өтуіне ат салысты. Еріктілер қатарынан табылған 40 студентіміз бір ай көлемінде көрмеде жұмыс істеп, туристер мен келген қонақтарға қызмет көрсетті. «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 33 студент көрменің жабылу салтанатын тамашалауға мүмкіндік алды. Біздің мұндағы мақсатымыз – студенттерге тек медициналық білім беріп қана қоймай, оларды жан-жақтылыққа, елін-жерін сүйетін патриот азамат болуға баулу. Бір ай ерікті ретінде жұмыс істеген студенттер көзқарастарының өзгергенін, жаңа идеялар мен пікірлердің пайда болғанын айтып жатыр. Әрине, бұл бізді қуантады, – дейді университет ректоры Ерсін Жүнісов.
Көрмеден алған әсерімен бөліскен Ерсін Тұрсынханұлы америкалық «Tesla» компаниясының күн батареялары ерекше ұнағанын айтты.

«Тesla» компаниясының ғимаратты жылытуға арналған күн батареялары электр энергиясын үнемдеуге арналған тамаша құрал. Электр энергиясын көп қажет ететін медициналық мекемелер үшін жақсы мүмкіндік», – дейді ол.
Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінде еріктілер қатарында қызмет еткен студенттердің бірі – Семей мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина факультетінің ІІ курс студенті Тоғжан Бахтиярова. Ол қазақстандық «Медикер» сақтандыру компаниясының қызметкерлерімен бірге көрмеге келушілердің денсаулық жағдайын қадағалауға көмектескен.
-6 тамыз бен 12 қыркүйек аралығында бір топ студенттермен бірге Астана қаласында барып, еріктілер қатарында қызмет еттік. Мен «Медикер» сақтандыру компаниясының құрамына алынып, көрме қонақтарына қажетті медициналық жәрдем көрсетуге атсалыстым. Шетелдік қонақтарға қызмет ете жүріп, ағылшын тілін жетілдірдім, медициналық тәжірибе жинақтадым. Бұл сапар менің келешектегі қызметтік мансабына тек жақсы жағынан әсер етті.«Медикер» компаниясы атынан ұсыныс хат та алдым.Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесін жоғары дәрежеде өткізді деп ойлаймын, – дейді ол.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, дерек көзі «Semeytany.kz»

 507 всего,  9 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *