IMG_1841

Семей.14.09. “Semeyainasy” – Қоғамдық кеңес мүшелерінің атын жамылып, ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен өзге де министрлердің жеке блогына хат жолдаған Семей қаласының тұрғыны қылмыстық жауапқа тартылатын болады. Бұл туралы 13 қыркүйек күні Абай атындағы кітапханада өткен қоғамдық кеңестің кезектен тыс кеңейтілген отырысында айтылды.

Өзін қоғамдық кеңес өкілі ретінде таныстырып үндеу жіберген тұрғынның Антимонополия комитеті мен «Шығыс Қазақстан өңірлік энергетикалық компаниясы» АҚ арасындағы өзара дау-дамайды арқау етіп жазған хатына қоғам қайраткерлері наразы.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста «ШҚ ӨЭК» АҚ мен ШҚО бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитеті арасында бір кикілжің бар. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» емес, энергетиктердің тұтынушылардан заңсыз түрде алған көк тиыны болып тұр. Анығын айтсақ, электр жарығына қарызы бар тұрғындардың электр жүйесінен ажыратуға ШҚ ӨЭК-ның құқығы бар. Бірақ келісімшарт бойынша ток көзінен ажыратылған электр жарығын қайта қосу бірінші ретте тегін болуы тиіс. Осы мақсатта 2013-2017 жылдар аралығында ақысыз түрде көрсетілетін қызмет үшін Өскемен және Семей қалаларының тұтынушыларынан барлығы 40 миллион теңге көлемінде қаржы жиналған екен. Осыған орай Антимонополия комитеті бұл істі сотқа жіберген.

Семейліктің хатына келер болсақ, автор түрлі нормативтік-құқықтық актілерге, заңнамаларға, энергетика саласын реттеуші құжаттарға сүйене отырып, «ШҚ ӨЭК» АҚ пен аймақтағы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетінің позициясын көрсетіп жазған. Мәселен, оның сөзінше «комитеттің ШҚ ӨЭК-ын сотқа беретіндей еш айғағы жоқ әрі бұл Заң талаптарына сәйкес келмейді» делінген хатта.

Алайда бұл пікірмен Қоғамдық кеңес мүшелері еш келіспейді. – ШҚО әкімдігінің бұйрығымен қабылданған коммуналдық қызметтерді ұсынудың ережелері бар,- дейді олар. Заң аясында жасалған ереженің 16 пунктінің 4-ші бөлімінде электр жарығы қиылғаннан кейін ажыратылған жарықты қайта қосу үшін энергетиктер ақша алмауы керек болатын.

– Қоғамдық кеңес атын жамылып, энергетикалық компанияның сойылын соғып министрлікке хат жолдаған Архат Қойшынов есімді қала тұрғыны бүкіл қоғам қайраткерлерінің абыройын айрандай төкті. Бір қызығы, Қоғамдық кеңеске оның еш қатысы жоқ, қайда жұмыс істейтінінен де бейхабармыз. Хаттың кәсіби тұрғыда өте сауатты жазылғанына қарағанда, бұл энергетикалық компанияның адамы болуы мүмкін. Осы орайда біз үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын «қоғамдық кеңес мүшесін» қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін прокуратураға арыз жаздық. Ал екі тарап арасындағы іске келер болсақ, кеңес мүшелері қарапайым халық мүддесін қорғап жүрген Антимонополиялық комитетті бір кісідей қолдайды. Десек те, мәселені егжей-тегжейлі сараптамадан өткізетін сот мамандары қара қылды қақ жаратын әділ шешім шығарады деген сенімдеміз, – деп түйіндеді қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Жанна Жыбраева.

Айзада Сламбаева

 570 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *