IMG-20170913-WA0049

Семей.14.09. “Semeyainasy” – «Данышпандар халықтың сұранысымен тумайды, уақыттың сұранысымен туады» дейтін қанатты сөз бар. Сұртай Абылқасымұлы уақыт сұранысымен туды, жаңа заманды құруға атсалысты. Өзінің бай жан-дүниесімен адамдарға альтруистік көзқарас танытты. Сұртай ата бойындағы бар дарынын халқының игілігіне арнаған жан. Сондықтан бүгінгі жазбамды Сұртай Абылқасымұлына арнағанды жөн көрдім.

Сұртай Абылқасымұлы 1903 жылы Үржар ауданы, Қарақол ауылының Шыңырау бөлімшесінде дүниеге келген. Нағыз ер жігіттің бойындағы қасиеттерді бойына сіңірген сегіз қырлы, бір сырлы Сұртай ата өзі шабандоз, ақын, сонымен бірге жауырыны жерге тимеген палуан болған екен. Жастайынан жетім қалған ол Малай атасының  қолында тәрбиеленеді. Қажы атасы жер дауы, жесір дауы секілді түйінді мәселелер шешілетін жиындарға Сұртай немересін қасынан қалдырмай ертіп жүрген екен. Содан болар ел ішіндегі даулы мәселелерге ерте жастан араласып, ой ұшқырлығын, шешендік қабілетін жақсы көрсете білді.

Сұртай он бес жасында аламан бәйгеге жүйрігін қосып,  200 аттың ішінен бас бәйгені жеңіп алады. Сол бәйгемен  Бостан руының он үш жасар Жамал атты қызын алып қашады. Қариялар некелесуге рұқсат бергенше екі жас біраз күн тауда жасырынып жүреді.

Сұртай Абылқасымұлы 1930 жылдары  Малайтегі ауылын (қазіргі Үржар ауданы, Егінсу ауылы) басқарғанында ашаршылықтан зардап шеккен халыққа қолынан келгенінше жәрдемін көрсетеді. Алайда сол кездегі кеңестік советтік идеологияның салқын саясатынан ол кісі де шет қалған жоқ. «Халық жауы» деген айып тағылып, Үржардағы абақтыға түседі,  Семей түрмесіне қамалады. Сол қиындықтарға қарамастан, әділдіктен үміт үзбейді. Біраз уақыт өткеннен кейін тағайындалған жазаға келіспей камералас серігімен келісіп, окоп қазып, түрмеден тез арада қашып шығады. Балқаш көлінің бойындағы  Қопа деген жерде үш ай бойы жасырынып жүріп, әрі қарай Қытай  еліне кетуге мәжбүр болады. Шәуешек қаласының  маңындағы Мойка деген елді мекендеп, сол жерде жұмысқа орналасады. Ұзақ жылдар бойы Мойка ауылындағы жүн жуатын кәсіпорынды басқарып, абырой – беделі артады.

1955 жылы Қытайдағы қазақтардың алды атамекенге орала бастайды. Сол жылдары көп жылдар бойы аңсаған арманы орындалып, Сұртай атамыз  да отбасымен Қазақстанға қоныс аударды.

Қоғам қайраткері Сұртай Абылқасымұлы қиын сәттерден жол тауып шыға алатын зеректігімен, істің көзін білетін біліктілігімен ерекшеленді. Араб, кирилица әріптерімен жазылған кітаптарды, газет-журналдарды үзбей оқиды. Шаруадан қолы босаған кезде өлең-қиссалар жазуды әдет еткен. Аймақтағы замандастарымен жиі кездесіп салиқалы ойлар айтып, әдебиет туралы пікір алмасып жүрді. Дінге де көңіл бөліп, Пайғамбарымыздың хадистерін мен уағыздарын жинақтаған. Ол жүрегі қазақ деп соққан қазақтың жанашыр азаматтарының бірі болды десек артық айтпаспыз.

Сұртай атамыз бақытты жандардың бірі.  Себебі Алла Тағала ол кісіге он бір перзентті нәсіп етті. Көп балалы әке болып қана қоймай өзгелерге үлгілі әкенің қандай болу керек екенін көрсетіп кетті. Ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне ұлағатты тәрбие беріп, білім мен еңбекке баулыды. Көзі тірісінде шөпшектерін көрген бақытты қария. Қағаз бен қаламды серік еткен Сұртай Абылқасымұлы  2001 жылы 19-ақпанда  98 жасында дүниеден өтті.

Ғанибек Түсіпбек

 

 1,169 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *