Семей.13.09. “Semeyainasy” – Таяуда қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия мүшелері Семейдегі үш бірдей балабақшаға барып, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жай-күйімен танысып қайтты. Балабақшалардың материалдық-техникалық базамен жабдықталуын, кадрлар жұмысын және оқыту жүйесін ұйымдастыру деңгейін қадағалаған халық қалаулылары рейдтің қорытындысын кезекті қалалық мәслихаттың сессиясында ұсынатын болады.
Жұмыс тобының құрамында комиссияның тұрақты төрайымы Светлана Киселева, депутаттардан Айнұр Арғынбекова, Андрей Алтайбаев, Сергей Радионов, сондай-ақ қалалық мәслихаттың хатшысы Бейсенбек Ақжалов бар. Олар жекеменшік иелігіндегі білім мекемелерімен қоса мемлекеттік оқу ордаларын да аралады. Комиссия мүшелері рейд жұмысын қалада 6 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан «Нұрдәулет» балабақшасынан бастады. Аталған нысанда 3-тен 5 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Балабақшада бүлдіршіндер үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған: ойын бөлмесі, жатын орындар, асхана, жуыну және кір жуу бөлмелері бар.
Оқыту бағдарламасынан бөлек балаларға арналған би, шахмат, вокал, қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді. Балабақша негізінде мектепке дейінгі дайындық жүргізіледі. Бұл ретте халық қалаулылары аталмыш балалар бақшасының жұмысына оң баға берді.
Мәслихат депутаттары шаһардағы «Айналайын» балабақшасындағы тәрбие мен білім беру сапасын да жоғары бағалады. Мектепке дейінгі білім мекемелері арасында өткен түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген балабақшаның жұмысы комиссия мүшелерінің көңілінен шықты.
Халық қалаулылары рейд жұмысын 2010 жылы негізі қаланған «Ертөстік» мемлекеттік №11 ясли-бақшасында қорытындыланды. Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын бұл балабақшада қазіргі күні 320 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ертөстік – қаладағы тамақтану өнімдерін жеткізетін арнайы көтерме краны бар бірден бір ясли-бақша. «Бізде мамандардың біліктілігіне баса назар аударылады. Барлық педагогтар мен тәрбиешілердің іс-тәжірибелері мол. Заман талабына сай оқу бағдарламалары мен әдістемелер қолданылады, шығармашылық және танымдық үйірмелер құрылған», – дейді балабақша басшылығы.
Халық қалаулылары танысып қайтқан үш бірдей балабақшадағы жетістіктер мен кемшіліктер алдағы күндері қалалық мәслихаттың мәжілісінде кеңінен талқыланатын болады.
Айзада Сламбаева
468 всего, 3