Семей.11.09. “Semeyainasy” – Қаламыздағы Т.Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектепте достық үйінің «Достық құшағы» халықтық мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Нашақорлыққа қарсы күрес» акциясы өткізілді.
Адамзат тарихындағы қаншама қанды оқиғаның себепшісі, неше түрлі зұлымдықтардың да бастаушысы «апиын» – болғанын білеміз. Біздің ғасырымыздың басты дерті – нашақорлық екені кімге де болсын шындық екенін мойындауымыз керек. Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүр, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Міне осындай салдардың алдын алу мақсатында осы іс шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Нашақорлық жайлы көп жерлерде айтылып , жазылып та жатыр. Алайда, бүгінгі «Нашақорлыққа қарсы күрес» акциясының ең негізгі ерекшелігі бұл жерде өз ісінің нағыз мықты мамандары дайындап әкелген тақырыптық баяндамаларын оқып қана кеткен жоқ, сондай-ақ №16 мектеп оқушыларымен етене жақын араласып ашық сұхбат жүргізуге тырысты. Шара барысында әрбір мектеп оқушысы өзінің көкейінде жүрген сауалдарына жауап алды. Мәселен, оқушылар тарапынан көбінесе «ВИЧ-пен ауыратын адамдармен қаншалықты жақын араласып дос болуға болады?», «Нашақорлыққа құмарлық неден бастау алады?» деген сынды көптеген сұрақтар қойылды .
Сұраққа жауап берген Семей қаласының ЖИТС алдын алу және күрес жөніндегі орталығының маманы Раушан Ахметова:
—ВИЧ-пен ауыратын балаларды қоғамнан алшақтатып оларға дискриминация жасауға болмайды. Әрбір бала бақытты болу үшін жаралған, сондықтан да осындай аурумен ауыратын балалардан қорқудың еш қажеті жоқ. Керісінше оларға көмек қолын созу керек – деп жастарға өзінің ақыл кеңесін айтты.
Жиын соңында Семей қаласының ЖИТС алдын алу және күрес жөніндегі орталығы, қаламыздың тері-венерология диспансері сонымен қатар Т.Аманов атындағы №16 орта мектеп директоры Бақытгүл Құрманғалиева мақтау қағаздарымен марапатталды.
Ғанибек Түсіпбек
503 всего, 3