21056318_1438410199586330_1368129696099925979_o

Семей.24.08. “Semeyainasy” – Семей жұртшылығы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 172 жылдығын атап өтті. Айтулы шараға қала әкімі Ермак Сәлімов, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар, ақын-жазушылар мен қала тұрғындары қатысып, ұлы тұлғаның рухына тағзым етті.

Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйген хәкімнің дүниеге келген күнін ұлықтауға арналған «Өлең – сөздің патшасы» мерекелік шарасы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында жалғасты. Амангелді Жікенов, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Баян Сағымбаева сынды күміс көмей әншілер Абай әндерін орындап, жиналғандарды әнмен тербеді.

Жиында сондай-ақ қала басшысының орынбасары Надежда Шарова да құттықтау сөз сөйлеп, семейліктерді осынау айтулы күнмен құттықтады:

– Абай – тек семейлік жерлестердің ғана емес, бүкіл Қазақ елінің мақтанышы. Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, өз салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, тағылымды тарихымызды танып-білу арқылы ұлттық кодымызды сақтаймыз. Ал, ұлттық кодтың негізі ұлы Абай еңбектерінде жатыр десек артық айтқандық емес. Осы орайда біз бен сізге жүктелетін үлкен міндет бар – ол Абайдың өмірі мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа жеткізу. Себебі, бүгінгі жастар – елдің ертеңі. Баршаңызға зор денсаулық, ашық аспан, игі жақсылықтар тілеймін, – деді ол.

Осыдан соң Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры Болат Жүнісбеков бір топ қоғам қайраткерлерін «Абай» медалімен марапаттады. Бұл мерекеде алғаш рет «Артық ғылым кітапта…» атты қалалық кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұдан әрі ұлы ойшылдың сүйікті ойындарының бірі – тоғызқұмалақ бойынша мектеп оқушылары арасында, ал дойбыдан ардагерлер арасында сайыс өтіп, мерекені қыздыра түсті.

Айта кететін ерекше жайт, ұлы ақынның туған күніне орай Тараз қаласынан арнайы келген Берікжан Пышанов Абайдың пәуескесін құлағымен сүйреп, жұртты таң-тамаша қалдырды. 60-ты алқымдаған бұл азамат мұнымен шектелмей, құлағына жіп ілу арқылы 26 келілік кір тастарын да еш қиындықсыз көтерді.

«Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» немесе «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» өсиет қалдырған ұлы Абай тек қазаққа ғана емес, әлемге ортақ ұлы тұлғалардың бірі. Ойшылдың туған күні алдағы уақытта жалпыхалықтық мерекеге айналарына сенейік…

Айзада Сламбаева

 950 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *