ТЭЦ

Семей.17.08. “Semeyainasy” – Жыл сайын жылу маусымы жыр болған Семейдің биылғы қысқа дайындығы жаман емес. Қаладағы жылу желілерін жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жөндеу жұмыстарына қала бюджетінен 162 миллион теңге бөлініп, тозығы жеткен бірқатар жылу желілері қалыпқа келтірілуде.

Осыдан бір ай бұрын шамасында кәсіпорындарды жаңғырту кезеңі аяқталған болатын. Жылдар бойы қордаланып қалған қарыздардың барлығы жабылды. Енді алдағы қыста «Жылукоммунэнерго» мекемесі толыққанды жұмыс істейтін болады,-дейді «Жылукоммунэнерго» МКМ директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Расылхан Жолдасов.

-Қаланың сол жақ жағалауында орналасқан Галетто көшесіндегі жылу желілерін жөндеу жұмыстары өз мәресіне жетіп қалды. Жоспарланған жұмыстың 80 пайызы орындалды. Қыркүйек айына дейін бітіреміз деген үміт бар. Сондай-ақ, Панфилов, 35-ші шағын ауданында бірқатар жылу жүйелері жаңартылатын болады,-деп атап өтті Расылхан Жолдасов.

Айта кетейік, шаһарда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жылу қазандықтары мен желілерінің бірсыпырасы қайта қалыпқа келтірілді. Десек те, істелетін шаруалар шаш етектен. Мәселен, Зоовет институты мен 35-ші квартал қазандықтары қай уақытта аяқталатынын нақты айту қиын. Бұл жұмыстарға жауапты болған алматылық фирма бөлінген қыруар қаржыны алғанымен, атқарылуға тиіс жұмыстар сол күйі қалған. «35 квартал» жылу қазандығының басшысы Виталий Ивановтың сөзіне сенсек, алматылық мердігер компания жұмысқа мүлдем немқұрайлы қараған сынайлы. Қоқыс қалдықтарын шығармай сол күйі қалдырып кеткен, мекеменің шатырын да жөндемеген. Жаңбыр жауса болды, шатырдан су тамшылап қоя береді екен.

Жылу қазандықтары қалыпқа келтірілген соң, қаладағы тұрғынүйлерге ыстық су жыл бойы беріледі деген жағымды жаңалығын жасырмады мамандар. Бұл бағытта да шаруалар басталып кетті. Айта кетейік, Семейдің жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы жүзеге аспақ. Енді оң жағалаудағы жылу желілері толығымен ауыстырылып, жылу беру орындары жаңартылады. Бұл жұмыстар алдағы көктемде жүзеге асырыла бастайды.

Айзада Сламбаева

 509 всего,  6 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *