гендер

Семей.15.08. “Semeyainasy” – «Гендер және БАҚ» – осындай тақырыпта облыстық семинар болып өтті.
Глубокое ауданындағы «Нұртау» демалыс базасында еркін форматта ұйымдастырылған семинарға Семей және Өскемен қалаларының, аудандардың БАҚ өкілдері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы іскер әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның сараптама тобының мүшесі Ирина Унжакова, мемлекеттік құрылымдардың, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Айта кету керек, аталмыш семинар гендерлік саясат туралы халықты ақпараттандырудағы мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ-тың өзара іс-қимылдарының тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Жиын барысында тілшілер қауымы мен азаматтық қоғам өкілдері Шығыс Қазақстан облысындағы гендерлік саясаттың даму мүмкіншіліктерін жанжақты талқылады.

Ең бірінші болып сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Унжакованың айтуынша, гендерлік теңдік діни көзқарас пен ұлттық менталитетке байланысты біздің елде дамымай қалған.Бірақ егемендікке қол жеткізген күннен бастап еліміздің дамуы жолында нәзік жандылардың еңбегі зор екенін айту керек. БАҚ осы тақырыпты қамтуға барынша көп көңіл бөлуі керек,-дейді ол. Халық қалаулысының сөзіне қарағанда гендерлік теңдік қалыптасуы үшін билік басында жігерлі, қайсар қыз-келіншектердің бар болуы қашанда маңызды. Себебі, олар ақыл-парасат жағынан да, білімі мен кәсіби шеберлігі жағынан да ер азаматтардан қалыспайды. Алайда «гендер» ұғымын тек қана әйел теңдігін қорғайтын бағыт деп түсінбеуіміз қажет. Гендер – тек әйелдің ғана емес, сонымен бірге ер адамның да тұлғалық ерекшеліктерін қорғайтын үдеріс,- деді мәжіліс депутаты.

Облыстық семинарға қатысушылардың бірсыпырасы тақырып төңірегінде гендерлік саясатты жүзеге асырудағы бірқатар мәселелерді қаузап, баяндама жасады. Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, гендерлік саясатты іс жүзіне асыруға бағытталған ұсыныстарын айтты.

Айзада Сламбаева

 493 всего,  6 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *