Семей. 28.07. «Semeyainasy» – Биылғы жылы қала әкімі мен облыс басшысы Семейді абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөліп келеді. Олай дейтін себебіміз, бұл бағытта қала қазынасынан 726 млн, облыстық қазынадан 600 млн теңге бөлінген екен. Осы орайда осындай қомақты қаржы қалай және қайда жұмсалды деген сауал туындары анық.
Сала мамандарының айтуына қарағанда, бұл қаржыға қала көшелеріне гүл егіліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған, аялдамалар жаңартылған, Орталық алаңға брусчаткалар төселген.
– Семей қаласының 300 жылдығына байланысты қаланы абаттандыру жұмыстары жақсы жүргізіліп келеді. Орталық алаңнан Ибраев көшесіне дейінгі аумаққа брусчаткалар төселіп, «Өлім вагоны» мемориалды паркі және «Семейге» 250 жыл Стеласы» жаңартылды. Алдағы уақытта Невзоровтар музейі, Абай және Мұхтар Әуезов алаңдары, темір жол бекетіндегі Қабанбай батыр ескерткіші аумақтарына абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл аймақтар тұрғындар үшін демалыс аймағына айналады,- дейді ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары А. Өтелбаев.
Ертіс жағалауын абаттандыру мен каскадты фонтанды қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Барлық жұмыстар қыс басталмай, қазан айына дейін тамамдалады деп жоспарланып отыр. Ал орталық алаңдағы қайта жөндеуден өтіп жатқан ескі су бұрқақ келесі жылы ғана пайдалануға бермек. Қалалық әкімдік «Арбат» аллеясы да биылғы жылы қайта жаңартылады деген болатын. «Абаттандыру жұмыстары үшін қолданылған материалдардың барлығы жергілікті өнім. Тек көше шамдары ғана Өскемен қаласынан әкелінді»,- дейді мамандар.
Ал аумағы кеңейтіліп, келбеті өзгертіледі деген Орталық саябақ жайы әзірге тыныш. Бұл турасындағы кәсіпкердің жобасы мақұлданбай қалған екен.
Айзада Сламбаева
557 всего, 12