Семей. 27.07. “Semeyainasy” – Қазір қалада шіліңгір шілденің ыстығы бірден сезіледі. Семейліктер суға шомылып, салқындаудың амалын іздеп жүргенде «Теплокоммунэнерго» МҚК қысқа дайындық қамына кірісіп те кетті.
Қала тұрғындары, әдеттегідей, қазанның алғашқы аптасында жылумен қамтылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, осыған дейін жылу мәселесіне байланысты проблемалы болып келген Жаңа құрылыс және Цементшілер кенті аудандарының жылу желілері ауыстырылған.
-Қаланың сол жағалауын жылумен қамтамсыз етуде біраз жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, өткен жылу маусымында Жаңа құрылыс және Цементшілер кентіндегі тозығы жеткен 506, 507-ші жылу желілері жөнделіп, жаңа жабдықтармен алмастырылды. Ал 514 , 517, 518 жылу пункттеріне қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта Еуропа қайта құру және даму банкімен келісімшарт жасалып, жобалық-сметалық құжаттар әзірленді, – дейді ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары А.Утельбаев.
Айта кету керек, осы күнге дейін семейліктердің жылуға қарызы 392,8 млн теңгеге жеткен. Соның ішінде 115,2 млн теңгенің қарызы мерзімді уақытынан асып кеткен. 503 абонент 90,7 млн теңгеге қарыз болса, 3 жылдан бері шығынды қайтармай келе жатқан 417 абоненттің қарызы 83,3млн теңгені құрап отыр. Ал уақытылы төлем төлемеген қаладағы 12 заңды тұлға қазынаға 24,5 млн теңгеге шығын әкелген.
Сондай-ақ , Амантай Хайроллинұлы қаланың сол жағалауын жылумен қамтамасыз етіп отырған РК-1 және ЖЭО-1 жылу қазандықтарына қуаттылығы 12МВт-қа жететін трубиналар орнатылып жатқанын атап өтті. «Бұл трубиналар шығынды азайтып, жылуға кететін қаржы мөлшерін үнемдейді», – дейді ол.
Айзада Сламбаева
601 всего, 6