Семей.24.07. “Semeyainasy” – Семейде жол қозғалысын реттеу мақсатында 60 бейнебақылау камерасы орнатылады. Жобаға ниет білдіруші компания Өскемен және Семей қалаларына бейнебақылау камераларын орнатып қана қоймай, оларға өз есебінен қызмет көрсетпек. Құны 1,836 млрд теңгені құрап отырған жоба MestaFusion жабдығы арқылы қалалардағы жол қауіпсіздігін бақылауда ұстауға септігін тигізбек.
– Құрылғыны орнататын кәсіпорынның тәжірибесі бар. Ол бұған дейін республиканың бірнеше қалаларында осындай жабдықтар бойынша жұмыстар жүргізген. Жұмыс істеп тұрған бейнебақылау жүйелері жақсы нәтиже көрсетуде. Алдын ала алынған мәліметтерге қарағанда, жобаны іске асыру мерзімі он жылдан астам уақытқа белгіленген,- деп жазады ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жол қозғалысын бақылаудан түскен пайда, яғни салынған айыппұлдар облыстық бюджетке аударылады. Аталған жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбеген. Жоба жақын арада іске қосылмақ.
Айта кетейік, сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкі Өскемен және Семей қалаларындағы қоғамдық көліктерді жаңартуға 9,6 млрд теңге инвестиция құймақ. Нәтижесінде Семейге 85 жаңа автобус сатып алынады деп жоспарланып отыр.
Әли Айбеков
521 всего, 3