Семей.18.07. “Semeyainasy” – Лопатина және Иванова деген ғалымдар құраған «Орыс орфографиялық сөздігінде» орыс тілінде 200 мыңдай сөз бар екені айтылған. Кірме сөздердің толық санын ешкім білмейді, бірақ грек, түркі, парсыдан алынған сөздер «он мыңдап саналады» екен. Кірмелер арасында тілдік қорға енген түркілік сөздердің үлесі орасан. Мысалы, ғалым Е. Н. Шипованың жазуынша колчан, шалаш, сундук, казна, караул, ералаш, т.б. сөздердің төркіні түркілерде жатыр. Колчан – қылыш, баклажан – патлыджан, арбуз – қарбыз, сундук – сандық, казна – қазына, караул – қарауыл, очаг – ошақ, ярлык – жарлық, daraban – барабан, беркут – бүркіт, изюм – жүзім т.с.с. Көшпенділер образы тіпті славяндардың ертегілерінен де елеулі орын алады. Үш басты айдаһар да, Өлмес Кощей де – көшпенділер прототипі. Мәселен Кощей деген түркінің «көшші, көшуші» деген сөздерінен шыққанын О. Сүлейменов жақсы дәлелдеді. Басурмане – мұсылмандар, деньги – теңге! Бала біткеннің бәрі «Ералаш» киножурналын жақсы көреді. Журналға атау болған сөз – сапырылысқан, араласқан деген мағына береді, яғни түбі төркінің – аралаш сөзі! Осы күннің сұлулары өз өмірін биік өкшелі аяқ киімсіз елестете алмайды, бірақ «каблук» сөзінің де араб-түркі сөздерінің қоспасы екеніне назар аудармайды. «Каб» арабша өкше деген сөз екен. Атқа мінген бабаларымыз үзеңгіден аяқ сырғанамауы үшін аяқ киімнің өкшелігіне қағылған қатты былғарыны «қабылық» деп атаған. «Чемодан» сөзі де Арабтың jama – «киім», «dan» – «сақтау орны» деген сөздерінің қоспасы. Орыс халқының сөздік қолданысына түркі халқы арқылы енген.
Фата – қалыңдықтың сәніне айналған сөздің түп-төркіні түркілердің «алжапқыш, жолақ мата» дегенді білдіретін «futa», «fota» сөздері.
«Сарафан» – «sarapa» сөзінен шыққан. Түрік ағайындар бұл сөзді әлі қолданады. Түбі араб-парсылардың serapa – «құрметті киім» дегенінен шыққан кірме сөз. Славяндарда сарафан деген жеңсіз, жеңіл көйлек.
Шалаш – В. И. Лениннің күрескерлік образын ашу үшін шалаштағы сүреңсіз өмірі үлкен полотноға айналып, кезінде оқулықтарға енгені белгілі. В. Дальге сенсек сол «шалаш» та бағзы түркілерден алынған. Әзірбайжан бауырларымыз шатырды әлі күнге дейін шалаш дейді екен.
Енді бисер сөзі туралы айта кетсек, ғалымдардың біразы ұсақ маржанның бұл атауын да түркіге теліп жүр. Жоғарыда біз атаған Е. Н. Шипова да сөйтіп жаңылысқан. Бисер – арабтың «бусра» сөзінің көшірмесі. Ал «карандаштың» төркіні бізде екеніне еш шүбә жоқ. Ортасындағы қара графитіне бола түркілер жазу құралын «қаратас» деп атаған екен. Содан түрленіп «қарындашқа» айналған. Ал үйіңіздегі диванның тарихы тіптен қызық. Еуропалық ғалымдар «бұрынырақта жазу жазылған қағаз солай аталған екен» дейді. Бірақ түркі, араб, парсыларда сарай ішіндегі патша тағы тұрған, төңірегінде уәзірлері мамыққа малтығып отыратын орны бар биік жер – «диуан» деп аталғаны көпшілікке белгілі. Отырғанға қолайлы, жұмсақ диванымыз сол диуаннан алынған. Сондай-ақ біз қолөнерге қатысты материалдарда авторлардың фарфор сөзінен қашқақтайтынын байқаймыз, «шыны», «қыш», «кәрлен» деген аудармалар қолданылады. Бірақ мұның ешбірі фарфордың мағынасын толық бермейді. Негізінен керамикалық безендірілген, VІІ ғасырда Қытайда пайда болған ыдыстарды осылай атаған түркілер екен. «Фарфур» деген сөз түрік ағайындарда әлі де бар. Демек бізге де жаттығы жоқ. Ал бәрімізге белгілі қызғалдақ гүлінің Отанын көпшілік Голландия деп біледі. Шындығына келгенде, қызғалдақ Голландияға Даладан әкелінген. Гүлдің қауызы сәлдеге ұқсайтындықтан түркі халқы қызғалдақты «тюрбан» деп атаған екен. Тюрбан-тюльпан? Ал «хозяинді» естігенде «қожайын» ойға орала кетері анық. Қожасы, егесі, иесі сөздері синоним саналады. Бұл сөз түркілер қазіргі Ресей территориясын 3 ғасыр билеген кезде славян тіліне енсе керек.
Біз колбасаны «шұжық» деп аударып жүрміз. Сөреде «халал шұжыққа» дейін көз жаулап тұр. Десе де көк-сөк қосып, мал қанынан жасалған немесе жылқы етін ұсақтап турап, ішекке салып сүрлеген өз шұжығымызға обал емес пе? Радлов, Корш секілді ғалымдарға сенсек «колбаса» түркінің «күлбасты» сөзінен шыққан екен. Ата-бабаларымыз шоққа қақталған сүр етті осылай атапты. Колбасаның да ең әуелде қақталған түрлері ғана болған. Технология дамығаннан кейін басқа түрлері шықты. Осыдан барып «шашлық» кімнің сөзі деген сұрақ туындайды. Түрік ағайындарда «sislik» деген тағам әлі бар. «Шишлик» сөзінің түбірі «шиш» – «істік». Демек «істікке түйреліп шыққан ет» деген ұғым шығады. Әйтсе де өзімізде қолданылып жүрген «кәуап» та тілге өте жатық, үйренген сөзіміз.
Осы күні жастар «лафа» сөзін көп қолданады. Бірі орыстан, енді бірі ағылшын немесе француздардан келген шығар?! – деп долбарлайды. Бұл сөздің қазіргі қолданыстағы мағынасы – «бақытты, сәтті өмір». Осы «лафа» сөзі қайда болған? Түркілерге парсы-арабтан енген «alafa» деген сөз бар. Сұлтандардың елшілерге жақсы жағдай жасауы осылай аталады. «Көйлегі көк, қарыны тоқ» күй кешу!
Балбес – қазақта «білмес», қырғызда «білбес», татарда «билбес». Халықаралық дәрежеде қолданылатын «таможня» сөзін біз «кеден» деп аударып жүрміз. Тіл ғалымдары бұның төркіні түркілердің «тамғасы» дейді. Сыртқа шығарылатын мүліктен алынатын салық бізде «баж салығы» болса түркілерде – «тамға» деп аталады. Бір ғалымдар «таможняныны» осы тамға салығынан туындатады. Ал енді біреулер «билеуші тамғасын көрсетіп алым жинайтындарды славяндар «таможенник» деп атаған дейді.
«Орыс энциклопедиясындағы» мына қызыққа қараңыз: маяк – май жақ. Бұрынғы заманда түркілер кемелерге алыстан көрінуі үшін мұнара басына лапылдатып май жағып қоятын болған екен.
Карга – түркінің «қарға» сөзі. «Старая карга» деп славяндар өздері аса жақтырмаған кәрі кемпірді атайды. Осындайда қазекемнің қарияларының «Өлмейтін құзғын ғана» деген сөзі еске түседі…
Нашар, ескі көлікті «колымага» деп әжуалайтынымыз бар. Даль сөздігінде «Қалмақтардың ауыр, үсті жабық арбасы» делінген. Яғни «қалмақ арба»! Соған қарағанда «бұл қазақтың, біздің тілімізден енген сөз!» деп айтуға толық хақымыз бар. Сондай-ақ архар-арқар, кавардак – қуырдақ, малахай – малақай, казы – қазы, арык – арық, сайга – сайғақ, архалук – арқалық, т.б. түркі тілінен, соның ішінде қыпшақ тобына жататын қазақ тілінен енген сөздер.
Көбіне әлеуеті жоғары елдер ғана тілге ықпал ете алатынын ескерсек ата-бабаларымыздың өркениеті озық болғанын байқауға болады. Шалвар, колчан, калам, богатырь, карандаш, т.б. сөздер түркі өркениеті адамзат дамуының көшбасында тұрған кезінде енген. Қазіргі кезде орыс тілі ағылшын тілінің ықпалына ұшырауда. Демек озық елдер сол тілде сөйлейді. Біз кенжелеп қалғанбыз.
Ж. Төлегенова
1,301 всего, 3