Дәл қазіргі уақытта еліміздің жүрегі саналатын Астана қаласында «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің өтіп жатқаны баршамызға аян. Көрмеге 75 мемлекет пен 14 халықаралық ұйым қатысатыны ресми анықталған. Адамзат ақыл-ойы мен сәулет туындыларының тамаша жетістіктерін паш ететін көрме Орталық Азия мен ТМД мемлекеттерінің ішінде Қазақстанда тұңғыш рет өтіп отыр.
КӨРМЕ ТАРИХЫ
Өзінің 160 жылдық тарихында көрме адамзат үшін бейтаныс қаншама техника мен технология түрлерін дүниеге әкелді. Бүкіләлемдік көрме тарихы 1851 жылы Лондонда өткен «Барлық халықтардың өндірістік жұмыстарының ұлы көрмесінен» бастау алады. Сол кездің жаңалығы болып саналатын «Хрусталь сарай» осы көрме үшін арнайы салынған еді. Әйнекпен толтырылған алып ғимаратта адамзат өміріне жаңа өзгеріс әкелген өнертабыстар көрсетілді. 20 аптаның ішінде көрмеге 6 млн адам келген. Ол кезде Лондон тұрғындарының саны 3 млн ғана болған деседі. Өкінішке орай, сол кезде дүниені дүр сілкіндірген ғимарат қазіргі күнге дейін сақталмай, 1936 жылы отқа оранды. Көрмеге бу қозғалтқыштары, стерео-фотосуреттер, қойытылған сүт, консервіленген азық-түлік, шыны көздер, стоматологиялық креслолар, «веналық» деп аталатын орындықтар және осыған ұқсас сол заманның жаңа дүниелері қойылған екен.
«EXPO» көрмесі өз тарихында сәулет өнерінің бірнеше ғажайып туындыларын өмірге әкелді. Айталық, Брюссельдегі Атомиум, Барселонадағы Монжуич Ұлттық сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы осы көрме барысында салынған әлемдегі бірегей ғимараттар. Әйгілі Эйфель мұнарасы 1889 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрмеде әлем жұртшылығына танылған болатын. Ұлы Француз революциясының 100 жылдығына орай Парижде төртінші рет ұйымдастырылған бұл көрме көпшілік көңілінен шыға қоймаған көрінеді. Еуропаның көптеген монархиялары бұл көрмеге қатысудан бас тартса да, отыздан астам мемлекет көрмеге ресми түрде қатысқан. Осылайша төңкерістен енді ғана есін жиған Франция билігі төрткүл дүниені таң қалдыратын сәулет туындысын салуды армандайды. Күні бұрын, дәлірек айтқанда, үш жыл бұрын ЭКСПО ғимаратына байқау жариялайды. Жүздеген сәулетші бақ сынаған бәсекеде Гюстав Эйфель бастаған топ жеңіске жетіп, «Эйфель» мұнарасын салу туралы шешім қабылдайды. Сөйтіп, Франция билігі Гюстав Эйфельмен шарт жасасып, болашақ мұнараны оған жиырма бес жылға жалға береді. Мұнараны салу үшін биліктегілер сәулетшіге қажетті қаржының 25 пайызын ғана төлеген екен. Қалған қаржыны Эйфельдің осы табуы керек болады. Сөйтіп талантты сәулетші бастаған топ 2 жылдың ішінде 324 метр биіктіктегі тамаша сәулет туындысын салып бітіреді. Осылайша 1889 жылы өткен дүниежүзілік ЭКСПО көрмесінде мұнараның даңқы асқақтай жөнеледі.
Жалпы, Париж қаласында осы уақытқа дейін 9 рет халықаралық көрме ұйымдастырылыпты. Оның алғашқысы 1855 жылы өтсе, соңғысы 1937 жылы өткен екен. Алғашқысында адамдар тұңғыш рет көгалшапқыш, кір жуу машинасы, сөйлейтін қуыршақ, револьвер және мұнаймен жүретін алғашқы көлік құралдарының бірі – автокөлік сынды «инновациялық» өнертабыстарды тамашалаған. Француздар араға он екі
жыл салып екінші көрме ұйымдастырады. Мұнда суға жүзуге арналған костюмдер мен өрте қарсы костюмдер және басқа да құрал-жабдықтар көпшілік назарына ұсынылған.
1876 жылы «EXPO» көрмелеріне Америка қосылады. Филадельфия қаласында өткен көрме алғаш рет бір емес, бірнеше павильонда өтеді. Темір жол көлігін қолдану -көрменің негізгі сенсациясы болды. Александр Грэм Беллдің телефоны, Томас Альва Эдисонның телеграфы, Ремингтонның жазу машинасы және «Хайнц» қызынақ кетчупы алғаш рет осы көрмеге қойылған. Ал 1933 жылы өткен Чикаго көрмесі авиация жетістіктерін танытумен ерекшеленді. Бұл жетістіктер кейін соғыс құралына айналып үлгерді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы бейбіт көрме 1958 жылы Брюссельде өтті. Брюссель көрмесінде тұңғыш рет жер серік, атомдық электр станциясы, жаңа қозғалтқыштар мен болашақ компьютерлердің үлгілері көрсетілді.
«EXPO» көрмесінің адамзат өркениетіне қосқан өзге де тамашалары аз емес. Мәселен, 1939 жылы Нью-Йоркте өткен әлемдік көрмеде Рузвельт алғаш рет телеэкранда пайда болып, жиналғандарды таң қалдырған. Осылайша әлемде телевидение өрістей бастады. Ал адамзат тарихындағы алғашқы компьютерлер 1962 жылы Сиэтл қаласында өткен көрмеде жұртшылық назарына ұсынылған еді.
БҮГІНГІ EXPO
«EXPO» көрмесі әрбір онжылдық сайын өзгеріп отырды. Қазір бұл XIX ғасырдың ортасында Альберт ханзада өткізген ғылыми жетістіктерінің көрмесінен әлдеқайда алыс. Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) көрме экспозицияларын екіге бөледі. Олар – дүниежүзілік әмбебап көрмелер және мамандандырылған халықаралық көрмелер. Дүниежүзілік әмбебап көрмелер әрбір 5 жыл сайын өтеді және жарты жыл уақытқа созылады. Ал мамандандырылған халықаралық көрмелер екі дүниежүзілік көрменің арасында өтіп, 3 айға дейін жалғасады. Қазақстанда өтіп жатқан көрме – дәл осы мамандандырылған халықаралық көрме.
Қазақстан өзінің тарихында алғаш рет «EXPO» көрмесіне 2005 жылы қатысты. «Табиғат даналығы» деген атаумен Жапония өткен бұл көрмеге Қазақстан Азия мемлекеті ретінде шақырылды. Одан кейін «Су және тұрақты даму» (Испания, 2008), «Жақсы қала – жақсы өмір» (Қытай, 2010), «Тірі мұхит және жағалау» (Оңтүстік Корея, 2012), «Ғаламшарды қоректендіру» (Италия, 2015) көрмелеріне қатысып, өз павильонын орнатты.
Қазақстандағы «EXPO-2017» көрмесі 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. Әрбір мемлекетке өз павильондарын тұрғызуға 25 га жер берілген. Көрмеге 5 млн-нан астам адам келеді деген жорамалдар айтылады. Әрбір келген адам 130 $ ақша әкелетінін ескерсек, бізге түсетін пайда 520–910 млн-ға дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Қазіргі күннің өзінде көрмеге қызығушылық танытып, шетелден ағылып жатқан адамдар қарасы көп. «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы «EXPO-2017» көрмесінің адамзат тарихындағы есте қалар көрмелердің бірі болатынына сенейік.
Ә. Айбеков
709 всего, 3