Семей.06.07. “Semeyainasy” -Бүгін Орталық саябақта қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің бірі – Қымызмұрындық мерекесі аталып өтілді. Шараның мақсаты – ұмыт болып бара жатқан дәстүрімізді жандандырып, жастардың бойына сіңіру.
Қымыз – қазақ халқының ұлттық сусындарының бірі. Қымыздың емдік қасиеті жайлы көп айтылып та жүр. Саумал, құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз деп бірнеше түрге бөлінетін бұл шипалы сусынды қазақ халқы ішімдік орнына қолданған. Біздің халық үшін әсіресе, бесті қымыздың жөні бөлек. Төрт-бес күн сақталып, ашуы әбден жеткен бұл қымыз өткір иісімен де ерекшеленеді. Ал құнан қымыз 3 күн, дөнен қымыз 4 күн бойы сақталса, саумалдың жаңа сауылған бие сүті екені баршаға мәлім.
– Семей еліміздің мәдени орталығы болғандықтан, қымызмұрындықты атаусыз қалдырғанымыз жөн болмас еді. Қымыз – қазақ халқы үшін ерекше сусындардың бірі. Сыра ішкенше, қымыз ішіңіздер дегім келеді жастарға. Арақ пен сыра атамыздан қалған ас емес. Қымыз – атадан қалған ас. Бесті қымызды ішкен адам мас болса да, ақыл-ойы дұрыс болады, – дейді Гүлжихан әжей.
Шара барысында қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова семейліктерді Қымызмұрындық мерекесімен және Астана күнімен құттықтап, игі тілегін білдірді. Осыдан соң саябаққа жиналған халық түрлі қымыздан дәм татып, мерекелік көңіл-күймен Астана күніне орай ұйымдастырылған концертті тамашалады.
Ш. Солтангазина
689 всего, 6