Семей.04.07. “Semeyainasy” – Семейде ауыр атлетикадан екі бірдей ауқымды жарыс өз мәресін бастады. Оның бірі – қыздар мен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты болса, екіншісі –халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Лю-Шиннің 70 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырылған «LLL» республикалық біріншілігі.
Жарыстың ашылу салтанаты 30 маусым күні «Тарлан» спорт кешенінде өтті. Еліміздің әр өңірінен келген кіл мықтылардың басын қосқан дүбірлі дода Семей шаһарында бір аптаға созылмақ.
– Семейде өтіп жатқан бұл ауқымды сайысқа еліміздің әр өңірінен келген ауыр атлетшілер жиналып отыр. Соның бірі әкемнің мерейтойына орай ұйымдастырылуы біз үшін – зор мақтаныш. Әкем өз өмір жолында жас буынды осы спорт түріне баулуда көп еңбек сіңірді. Еңбегі зая кеткен жоқ, шәкірттері бүгінде ел намысын абыроймен қорғап жүр. Олар әлі талай жетістікке жетіп, Қазақстанның есімін әлемге танытады деп сенемін, – дейді Анатолий Лю-Шиннің ұлы Вячеслав Лю-Шин.
Чемпионатта 30 келі салмақ дәрежесі бойынша 15-16 жас аралығындағы 400-ден астам жасөспірім мен қыздар күш сынаспақ. Жарыстың алғашқы күні-ақ жас зілтеміршілер өз бақтарын сынап, жүлдеге қол жеткізді.
Сайыс 7 шілде күні аяқталмақ. Жеңімпаздарды алдағы халықаралық жарыстарға жолдама күтіп тұр.
Әли Айбеков
523 всего, 12