Семей.03.07. “Semeyainasy” – Жерлесіміз Ионин Яков 14-25 маусым аралығында Минск қаласында өткен Әлем Чемпионатына қатысып, классикалық пауэрлифтингтен үшінші орынға ие болды.
Чемпионатқа әлемнің 52 елінен 900 зілтемірші қатысқан. Дүбірлі додадан жерлесіміз Ионин Яков үшінші орынға табан тіреп, елге олжамен оралды.
–Бұл Әлем чемпионатына қатысу бізге оңай болған жоқ. Қажырлы еңбек пен ұдайы жаттығудың нәтижесінде чемпионатқа жолдама алдық. Бұған дейін де облыстық, республикалық жарыстарда қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Ионин Яков алғашқы кезең – жүрелеп отырып зіл темір көтеру кезеңінде 257,5 келіні еңсерді. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша 715 келіні бағындырып, үздік үштіктің құрамына енді. Біздің салмақта бақ сынаған 24 қатысушының ішінен біз жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын, – дейді спортшының бапкері Андрей Алтайбаев.
Ионин Яков – пауэрлифтингтен халықаралық деңгейдегі спорт шебері, республикалық жарыстардың бірнеше мәрте чемпионы, Әлем Кубогының иегері, 2015 жылы өткен Азия чемпионатының жеңімпазы.
-Спортпен 12 жасымнан бастап айналысамын. Төрт мәрте әлемнің абсолют чемпионы атандым. Бірақ мен үшін бұл жолғы жеңісімнің орны ерекше. Себебі, Әлем чемпионының жүлдегері атандым. Бұл жолда көп тер төктім, көп еңбектендім, салмақ жинадым. Табанды түрде жүргізілген жаттығулардың және жаттықтырушымның еңбегінің нәтижесінде жеңіске қол жеткізіп, елге олжамен оралдым, – дейді Ионин Яков. Ионин Яков осыған дейін пауэрлифтингтің үш түрі бойынша халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағын алса, осы чемпионат барысында классикалық пауэрлифтингтен халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағына қол жеткізді.
– Әрбір жетістігім – мен үшін бір тарих. Кез –келген спортшының арманы өзге елдің көгінде өз елінің Туын қалықтатып, Әнұранын шырқату. Алдағы уақытта осы арманыма қол жеткізгім келеді. Бізді қолдап отырған облыс және қала әкіміне үлкен алғысымды білдіремін, -дейді зілтемірші И. Яков.
Әли Айбеков
525 всего, 6