Семей.03.07. “Semeyainasy” – Семейде футболдан жасөспірімдер құрама командалары арасында ҚР біріншілігінің жабылу салтанаты өтті. Турнирдің ақтық ойыны 28 маусым күні Семейдегі «Турист» қонақүйі жанындағы футбол алаңында өтті.
Қазақстанның барлық облысы мен Алматы, Астана қалаларының футбол командаларының басын қосқан республикалық турнирге 16 команда қатысты. 20 маусымда басталған бұл турнирде 12-13 жас аралығындағы жас футболшылар өнер көрсетті. Турнирді ұйымдастырған – Қазақстан футбол федерациясы мен қала әкімдігі.
-Турнир өте тартысты өтіп жатыр. Әлсіз команда жоқ, барлық команданың күш-қуаты мығым. Аталған турнирге Семейден 3 команда қатысты. Екі команда турнирден тыс өнер көрсетіп, өздеріне тәжірибе жинақтады, – дейді Семей қалалық футбол қауымдастығының баспасөз хатшысы Ерлан Қойшыбеков .
Турнир барысында Алматы және Оңтүстік Қазақстан облысы командалары финалға жолдама алып, бірінші және екінші орынды өзара бөлісті.
-Футболмен бала күнімнен айналысамын, ол менің өмірімнің бір бөлшегіне айналып кетті десем де болады. Осы турнир аясында Семей қаласын көру мүмкіндігіне ие болғанымызға қуаныштымыз . Ұлыларды дүниеге әкелген киелі Семей жерінен жақсы әсер алдық, жаңа достар таптық. Өзім секілді жеткіншектерді спортпен жүйелі түрде шұғылдануға шақырамын. Себебі спорт – барлық жетістіктің бастауы, – дейді Шымкент футбол командасының мүшесі Микаэль Азизов.
Әли Айбеков
499 всего, 12