Семей.06.04. “Semeyainasy” – Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер арасындағы «ӘСЕМПАЗ БОЛМА ӘРНЕГЕ» атты өнер байқауын екінші рет ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жас бүлдіршіндер арасында кеңінен насихаттау және нақышына келтіріп айтуға үйрету.
Байқауға Семейдегі «Нұрсәуле», «Ертөстік, «Ажар» бала-бақшалары мен «Ақ бұлақ», «Ай-Іскер» мектепке дейінгі тәрбие орталықтары тәрбиеленушілері қатысты. Әрбір өнерпаз бала Абайдың 10-12 өлеңін жатқа оқыды.
Байқауда «Ай-Іскер» «Ертөстік», «Нұрсәуле» бала-бақшаларының тәрбиеленушілері өздері дайындап әкелген «Ақ көгершін» әнін орындап, «Қамажай» биін билеп, өлеңдерін оқып көрермен ықыласына бөленді.
«Әсемпаз болма әрнеге» байқауының қазылар алқасының құрамында Абай қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева, білім бөлімінің әдіскері А.Жұмағұлова және Абай театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі М.Қартов болды.
Өнер сайысының қорытындысы бойынша І орынды «Ай-Іскер» мектепке дейінгі тәрбие орталығының тәрбиеленушісі М.Амангельдинов, ІІ орынды «Ертөстік» және «Ажар» бала-бақшаларының тәрбиеленушілері Е.Максутов, А.Тлеужанова, ал ІІІ орынды «Нұрсәуле», «Ертөстік» бала-бақшаларының тәрбиеленушілері Б.Махмұтова, К.Исумбай және «Ақ бұлақ» мектепке дейінгі тәрбие орталығының тәрбиеленушісі Ж.Ринатқызы иеленді. Жеңімпаздар арнайы мақтау қағаздарымен және сыйлықтармен марапатталды.
Бүлдіршіндерді байқауға дайындағаны үшін тәрбиешілерге және қазақ тілі мұғалімдеріне арнайы алғыс хаттар тапсырылды.
«Әсемпаз болма әрнеге» байқауына қаламыздың зиялы қауым өкілдері, білім бөлімінің әдіскері, ата-аналар, бала-бақша тәрбиешілері, ұстаздар қатысты.
«Әсемпаз болма әрнеге» байқауы дәстүр бойынша жылда өз жалғасын таба бермек.
Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің баспасөз қызметі
615 всего, 15