Жақында Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Оқушылардың ақпараттық сауаттылығын жетілдіру» атты қала мектептері кітапханашыларына арналып семинар- тренинг өткізілді. Семинарға қала мектептерінен 32 кітапханашы қатысып, білімдерін жетілдірді.
Семинар – тренингтің негізгі мақсаты – мектептегі педагог кітапханашылардың жұмысын одан әрі жақсартып дамыту үшін ақпараттық-байланыс технологияларын және инновациялық технологияларды, заманауи әдіс – тәсілдерді өз тәжірибелеріне енгізу, сонымен қатар сыни тұрғыдан, шығармашылық, жүйелік ойлау қабілеттерін дамыту.
Педагог кітапханашының жұмысы – шеберлікті талап ететін күрделі үдеріс болғандықтан, оқытудағы жаңа әдіс – тәсілдерді, және инновациялық, ақпараттық –коммуникативтік технологияларды білу – заман талабы.
Семинар барысында оқушылардың ақпараттық сауаттылықты жетілдіру әдістемесі, ақпаратпен жұмыс істеудің басты кезеңдері: тәжірбиелік дағдылар мен қабілеттер, интернет-ресурстың сенімділігін бағалауға қатысты ұсыныстар, басты нышандар тақырыптары талқыланды. Сонымен қатар ойын және иллюстративті әдебиеттер мен суреттер, бейне материалдар кітап оқуды насихаттаудың жолы екені түсіндіріліп, тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар семинар аясында Сheck in, check out (оқушылардың психологиялық және педагогикалық тұрғыда өзгерістерін білуге көмектеседі), Синквейн (ақпаратты түйіндеуге, күрделі ойларды бірнеше маңызды сөздермен, кең және қысқа сөйлемдермен жеткізуге көмектеседі), SWOT талдау (стратегиялық жоспарлаудың бір түрі), Кілтсөздердің алтыбұрышы іспеттес активитилар ұйымдастырылды.
Осындай семинарларды өткізу педагог кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыруда, іс – тәжірибелеріне оң өзгерістерін беретіні сөзсіз-дейді мамандар.
Семей қаласындағы ФМБ НЗМ баспасөз орталығы
707 всего, 3