Семей.17.05.”Semeyainasy” – Тәрбиенің басты бағыттарының бірі – азаматтық-патриоттық тәрбие беру десек, патриоттыққа тәрбиелеу ісі – үлгі көрсету арқылы жүзеге асырылады. Осы орайда жас буынның арасында қазақстандық әскердің абыройын арттыру мақсатында өткізілетін іс-шаралардың бірі – «Бөлімдегі Ашық Есік Күнінің» маңызы ерекше. Сондай «Ашық Есік Күні» Семей қаласындағы № 21, 27, 41, 48 және Березовский кентінде орналасқан «Пригород жалпы орта білім беретін мектеп» оқушыларының қатысуымен 31767 әскери бөлімінде өтті.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің қуаттылығымен жақынырақ танысу үшін оқушылар сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігін көріп, әскери қызметшілермен бірге саптық алаңда әскери пәрмендерді орындады. Сонымен бірге қару-жарақтар мен әскери техника үлгілерін тамашалады. Сержанттар құрамының әскери қызметшілері оқ ату және дене даярлығы бойынша нормативтер мен жаттығулардыӊ орындалуын, “Атлетизм, Табандылық. Алғырлық” кедергілер жолағынан өту жолдарын көрсетті.
Ашық есік күнінде оқушылармен қатар, осы мектептердің бастапқы әскери дайындық мұғалімдері де болды, яғни №21 жалпы білім беретін мектептің бастапқы әскери дайындық мұғалімі запастағы майор Б.А. Курманов, №27 жалпы білім беретін мектептің бастапқы әскери дайындық мұғалімі запастағы майор Е.Б. Тныштыкбаев, №41 жалпы білім беретін мектептің бастапқы әскери дайындық мұғалімі запастағы майор С.О. Жоломбетов, №48 жалпы білім беретін мектептің бастапқы әскери дайындық мұғалімі запастағы майор З.М. Хамзиндер ертеңгі әскер қатарына шақырылушы жастарға ұлттық патриотизм және әскери өмір жайлы баяндап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Пригород жалпы орта білім беретін мектебінің» бастапқы әскери дайындық мұғалімі запастағы майор Б.М. Сарсенбин: «Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі – болашақ ұрпақ қолында екенін ескерсек, елжанды ұрпақ тәрбиелеу – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Болашақ Отан қорғаушыны жігерлендіру, әскери өмірді кеңінен насихаттауда мектеп пен әскери бөлімнің өзара тығыз қарым-қатынаста болуының тиімділігі зор»,- деп атап өтті.
31767 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник М.А.Яковчик: «Ер азаматтың өмірбаянындағы ең маңызды кезеңдерінің бірі – Қарулы Күштер қатарында қызмет ету. Сендер келешекте Отанға қызмет ету арқылы өздеріңді жақсы жақтарыңнан танытып, сертіне берік ұлдар екендерінді дәлелдейтін боласыңдар», – деп оқушыларға сенім артты.
Нұрсәуле Мұқажанова
31767 әскери бөлімі
тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің қызмет маманы
2,081 всего, 33