Семей. 15.05. “Semeyainasy” – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата-Заңға енгізілетін түзетулер жөнінде республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өтетін саяси науқан 5 маусымға белгіленген. Осы ретте, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанат Омарбекова Семейге келіп, Абай атындағы театрда мәдениет қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында депутат ел президенті ұсынған конституциялық өзгерістер және алдағы референдумның маңыздылығы жөнінде атап өтті.
– Ұсынылып отырған түзетулер азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктеріне қатысты болады. Конституциялық соттың оған азаматтардың, Бас прокурордың және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жүгіну мүмкіндігімен құрылуы олардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуын едәуір күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, Қазақстан Конституциясының 33 бабына 56 түзетулер енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, жер мен оның байлығы халықтың меншігі етіп жарияланады. Сонымен қатар, өлім жазасына тыйым салынып, Конституциялық, Жоғары және де өзге судьяларға Орталық сайлау комиссиясының мүшесі және төрағасы болуға мүлде болмайды. Заң жобасы негізінде президенттікке екі мерзімнен артық сайлануға жол бермеу көзделген. Сонымен қатар, президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметте лауазымды иеленуге, басқарушы қызметін атқаруға да тыйым салынады. Осы аталған түзетулер Жаңа Қазақстанды құруға жасалған қадам болмақ. Сол себепті, баршаңызды еліміз үшін маңызды шешім болып табылатын саяси науқанға қатысуға шақырамын. Бұл референдум мемлекет пен қоғам қатынасында құқықтық негіз қалыптастыруға бастау болады. Жаңа Қазақстанымыздың негізін бірге қалайық!- деді Парламент Мәжілісінің депутаты Жанат Омарбекова.
Шара барысында мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін еріктілердің жетіспеушілігі мәселесі қозғалды. Демалыс орындарының, концерттік залдардың, саябақтардың аздығы да баса айтылды. Сонымен қатар, мәдениет қызметкерлерінің оның ішінде жұмысшы қызметкерлердің жалақысының көңіл көншітпейтіндігі де көтерілді. Бұл ретте, қала басшылығы аталған мәселелерді назарға алып, қарастырылатынын мәлімдеді.
Semeyainasy.media
1,797 всего, 9