Толарсақтан саз кешіп, қасықтай  қанын  шүберекке  түйген  батыр  бабалар  ел үшін  еміреніп,  жалаң  кеудесін  оқ  пен  найзаға төсеген. Кемел  келешегіміздің  бағытын  айқындайтын  республика  күнінде  қилы  тарихымызға   бір сәт көз жүгірткен абзал.  Өйткені, егемен ел атану жолында  шәһид  болған  бабалар ерлігі  –   баршамызға үлгі. Ұрпаққа  аманат  еткен  ұланғайыр  даланың  тыныштығын күзетуде  бүгінде  Ұлттық  ұлан  әскерінің құндылығы жоғары. Әсіресе, ел тыныштығын  күзетуде  қырағылық  танытқан  «Шығыс»  өңірлік  қолбасшылығының  жеке құрамы  жауынгерлік әзірлік  пен  кәсіби шеберліктерін  үнемі арттырып келеді. Сан салалы  даму мен жетілу сатыларынан сүрінбей өткен ішкі әскер  жұрт басына  төнген кез келген  қауіп-қатерге  қарсы  тұрып аянбай әрекет етуде әзір. Темірдей тәртіпке бағынғандар  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының  айбынын асырып, адуынды істердің адырнасын тартуда.

Жауынгерлік  міндет атқаруда танытқан  адалдық –  ел мен жер  бүтіндігінің жарқын кепілі.  Айталық,  жаз  мезгілінде  орын алған Абай облысындағы алапат өрттің кесірінен жасыл байлығымыздан айырылып қалдық. Тілсіз жаудың  құрсауында қалған елдімекендер мал-жан, үй-жайларын тастап қауіпсіз аймаққа көшуге мәжбүр болды. Қысылтаяң  шақта  иесіз қалған ел-жұрттың мал-мүлкін  қолының сұғы барлардан қорғап, мамыражай  ауылдардың берекесін сақтауда ұландықтар  бір кісідей ат салысты. Қызыл жалын шарпыған аумақтың аужайын  қаперінде ұстап, кірпік қақпай қызмет еткен  5511  әскери бөлімінің қоғамдық тәртіп қызметінің сақшылары  аймақ тұрғындарының зор ықыласына бөленді. Ел алғысына бөленген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты аймақтың геосаяси, стратегиялық ауқымда жатқаны әмбеге  аян. Сондықтан қолбасшылық  бейбіт өмірдегі  ұлт тұтастығынын қадағалап, айрандай ұйыған елдің аборойын асыруда жан аямай еңбек етуде. Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз  етудегі ұрысқа қабілетті маңдайалды  құрылымдардың біріне  айналған Ұлттық ұлан әскері   ерлік пен мінсіз қызметтің жоғары  үлгісін әлі де  көрсете бермек. Бүгінгі мереке күндерінде де   қолбасшылықтың  жеке құрамы қызметтік-жауынгерлік міндеттерге білек сыбана кіріседі.  Өлкедегі  түзеу мекемелерінде қырандай қырағылық танытып,  тәртіпсіздіктің  жолын кессе, өңірдегі стратегиялық  нысандарды  көзінің қарашығындай қорғауда табанды қызметтер атқарудан еш тайынған емес. Отанымыздың қауіпсіздігін жанқиярлықпен  қорғауда  әскери  қызметшілердің  ерлігі орасан зор.  Себебі жауынгерлер  ел тыныштығын күзетуді – отансүйгіштіктің  нағыз айнымас белгісіне балайды.

Ұлттық мерекенің  ұлықталуы  –   Ұлттық ұланның айбынын асқақтатып, жеке құрам  күш-жігерінің артуына  айрықша серпін бермек. Себебі отансүйгіш жауынгер үшін қайта жаңғырған бұл мейрамның маңызы мен мәні тым тереңде жатыр. Бабалардан қалған асыл аманатымызды  қызғыш құстай қорып өту ұлтын сүйер ұландықтар еншісінде. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтілуі керек» деп пікір қалдырған болатын. Яғни,  тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға нышан тұтқан әскери қызметшілер үшін  бүгінгі мейрам әманда зор құрметке лайық болып қала бермек.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Рүстем Ақбалин

 957 всего,  3 

от Redaktor

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *