Семей. 19.04. “Semeyainasy” – Семейдің Абай театрында жаңа спектакль сахналанады. Осыдан 120 жыл бұрын жазылған М. Горькийдің “На дне” шығармасын режиссер “Адасқандар” деп ұсынбақ. Түпкі мазмұны қаз-қалпында сақталған бұл қойылымды режиссер қазіргі қоғамда өте актуальды деп бағалайды.
– Бұл менің режиссура саласына басқан алғашқы қадамым. Әрине, бұл ой бірден туындамады. Осы салаға келу үшін қанша жылғы актрисалық еңбегім мен ізденісім сеп болды. Адам толыққанды болып қалыптасып, өзін танығанда бойдағы мүмкіншіліктерін ары қарай шыңдауға ұмтылады ғой. Міне, менің уақытым енді келген екен. Үнемі осы салаға қызығып жүретінмін. Мықты мамандардың алдын көріп, қажет дүниелерді түртіп алатынмын. Спектакльге келер болсам, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік, үлкен абырой. М.Горькийдің “На дне” шығармасының мазмұны шытырманға толы. Сіз шиеленіске толы оқиғалар мен адасқан тағдыр иелерінің өміріне куә боласыз. Олар түзу жолда жүріп, шалыс басып, шынайы өмірден безінген жандар. Мен шығарманың түпкі мазмұнын толық сақтап, тек атын “Адасқандар” деп өзгерттім. Қазіргі қоғамның басты құндылығы – ол адамның өзі, тағдыры, өмірі ғой. Сол себепті де, көрермен спектакльді тамашалай отырып, тәрбиелік ой түйсе деген үмітім бар,-дейді Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы драма театрының актрисасы, режиссер Сұлушаш Төлекова.
Спектакльдің толық дайындығына бір ай жұмсалған. Осы уақыт аралығында актерлік құрам мен режиссер ортақ үндестік тауып, шығарманы бір арнаға түйістіре білді. Ал, режиссердің алғашқы дебюттік жұмысын алдын-ала көріп, бағалау үшін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы “Өнертану” факультеті “Театр өнерінің тарихы мен теориясы” кафедрасының доценты, белгілі театртанушы, сыншы Амангелді Оразбайұлы арнайы шақырылды.
– Бұл шығарманы қою үшін де үлкен батылдық қажет деп есептеймін. Алғашқы дебют болғандықтан, аз-кем дүниелер байқалып тұр. Премьераға дейін тағы пысықталып, актерлік құрам толық еніп кетердей ойнап шығатынына сенім білдіремін. Музыка жағы жақсы таңдалған. Көрерменді жалықтырып алмайтындай ұзақ жерін қысқарту керек. Бұл қойылымның ұтымды жері басы мен аяғы бар біте қайнасқан туынды екен. Бастама үшін жақсы деген баға берем,-деді сыншы.
Режиссердің айтуынша, спектальдің жүз пайыз жақсы шығуы таңдалған актерлік құрамға байланысты. Ал, ол үшін оған сан жылдық актерлік қабілеті көмекке келген.
– Менің ойымша, әр актер өз кейіпкерін алып шығады. Құрам жастарға толы. Дайындық кезінде кем тұстар түзеліп, актерлер бір-біріне қолдау білдіруде. Барлығы талғамы биік көрермен үшін жасалып жатқан дүние болғандықтан, барша қалалықтарды 3 мамыр күні театрда өтетін премьераға шақырамын. Біздер үшін көрерменнің ыстық ықыласы қашан да қымбат,-деді Сұлушаш Төлекова.
Айта кетейік, билеттерді театр кассасынан алуға болады.
Semeyainasy.media
745 всего, 3