Семей. 07.12. “Semeyainasy” – Бүгін Семейге ШҚО әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков пен Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жакупбаев келіп, тағам өнімдерінің бағасына тексеріс жүргізді.
Қараша айының басында қаладағы 35 сауда нүктесіне жеткізілуі тиіс болған көкөністер (картоп, сәбіз, орамжапырақ, қызылша және пияз) тек соңғы 1-2 аптада ғана қала дүкендеріне жөнелтіліпті. Қазіргі күні арнаулы сауда орындарында аталған бес көкөністің келісі 83 теңгеден саудалануда.
Қаладағы «Наурыз», «Адал», «Барс», Тамаша» сауда орындарына жолы түскен Ш. Байбеков сүт және макорон өнімдерінің, күріштің бағасы Семейде өзге өңірлермен салыстырғанда қымбат екенін айтады.
ШҚО әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков:
-Халық көп тұтынатын 19 өнімнің ішіндегі 10 өнімнің орташа бағасы Семейде республикалық көрсеткіштен жоғары болып тұр. Семей облыс орталығы емес. Сондықтан бағаның неліктен көтеріліп тұрғанын анықтау керек. Тұрақтандырма қорынан жеткізілген көкөністің 5 түрінің бағасы ойдағыдай. Ал күріш пен ұн өнімдері бағасы қымбаттау. Бүгінгі күні «Эмиль», «Восток молоко», «Богратион» жергілікті сүт өнімдері зауыты облыстың 70-80%-ын қамтамсыз етіп отыр. Сондықтан осы зауыттармен ортақ баға үшін келісіп жатырмыз. Оның ішінде, майлылығы 2,5% -ды құрайтын айран, майлылығы 5-9% аралығындағы сүзбе , майлылығы 72% -ды құрайтын сары май және жұмсақ пакеттегі сүт өнімдері бар. Жұмыртқа бағасы облыс бойынша сәл көтеріліп тұр. Тасымалдаушымен келісімшарт жасалғаннан кейін, бұл мәселе шешімін табады деген ойдамын.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Марат Нүгеров:
-Қазіргі күні тұрақтандырма қорында Семей қаласы үшін 4,3 мың тонна көкөніс бар. Сенбі, жексенбі күндері «Солтүстік» сауда-логистикалық орталығында да тағам өнімдерінің жәрмеңке өтіп тұрады. Әдетте мұнда ет, сүт, ұн өнімдері және көкөністер арзан бағамен саудаланады. Мұндағы ет бағасы қаладағы жалпы бағадан 10-15 пайызға төмен. Кейде көкөністердің бағасы да тұрақтандырма қорының бағасынан төмен көрсеткіштерді көрсетеді. Бүгінде 900-ден астам сауда нүктелерімен келісімшарт жасалды. Оның 35-і тұрақтандырма қорымен байланысты. Халық көп тұтынатын 19 өнімнің бағасы қазір мемлекет тарапынан арнайы бақылауға алынған. Сүт өнімдерінің бағасының көтерілуіне байланысты облыс әкімдігі сүт зауыттарымен келісімшартқа отырып, нәтижесінде баға 10-15 пайызға төмендеді. Айталық, «Айша» жұмсақ пакеттегі сүт өнімдерін 175-180 теңгеден, «Багратион» 190 теңгеден, «Эмиль» 210 теңгеден тасымалдап отыр. Майлылығы 2,5 %-ды құрайтын айран өнімдеріне қатысты да осындай көрсеткішке қол жеткеіздік. Ет және көкөніс өнімдерін тұтынушылар әдетте бірнеше күнге есептеп алады. Сондықтан олардың басағын тұрақтандыру үшін осындай қадам жасалды.
Сондай-ақ Ш.Байбеков қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Марат Нүгеровке «Восток молоко» сүт өнімдері неге аз?» деген сауал тастады. Сондай-ақ ол макарон өнімдерінің орташа бағасы 158 теңгеден басталады деген алдын-ала берілген мәліметпен келіспейтінін жеткізді.
Айзада Сламбаева
618 всего, 9