Семей.19.10. “Semeyainasy” – Жылу маусымы басталысымен Семейде көмір тапшылығы біліне бастады. Көмір жоқ емес, бар. Тек тасымалдау баяу болып тұр. Осыған орай қала әкімі Ермак Сәлімов бүгін журналистермен бірге «Жігер-СТ» ЖШС-ның көмір қоймаларына аралап, жауапты мамандарға көмір тасымалын реттеуді тапсырды.
Семейге Қаражыра кен орнының көмірін тасымалдап, сатумен «Жігер-СТ» ЖШС айналысады. Жеке тұрғын үйлер үшін қалаға 40 мың тонна көмір қажет. Қазіргі күні 25 мың тонна көмір сатып алынған.
Жігер-СТ қызметкерлерінің айтуынша, келісімшартқа сай Семейге күніне 20 вагон көмір жеткізіледі. «Тіпті қазіргі уақытта бекітілген норманы асыра орындап, күніне 25 вагон көмір тасымалдап отырмыз», – дейді олар. Алайда көмір тасымалымен айналысатын жүргізушілер вагонның қалаға күн аралатып келетінін айтады:
– Кезегімді күтіп тұрғаныма бүгін екінші күн. Қоймаға күніне 5 вагон ғана келеді. Кешелі бері ғана 10 вагон келіп отыр. Бұдан бөлек Семейге қарасты аудандардың көмір тасымалымен айналысатын жүк көліктері де осында келеді. Салдарынан көмір Семейге толық жеткізіліп отырған жоқ, – деді жүргізушілердің бірі.
«Жігер-СТ» ЖШС басшысы Болатхан Мұсабаев:
– Күніне 800-1000 тонна көмір Семейге келеді. Аудандар мен ауылдар үшін күніне 40 вагон көмір аялдау пунктіне жеткізіледі. Бұл шамамен 2400-2800 тонна көмірге тең. Аялдау пунктінде көмірдің тоннасы 5800 теңгеден саудаланып жатыр. Бұл – ең арзан баға. Сондықтан тасымалдаушылар аудандардан келген жүргізушілерге аялдау пунктіне баруды ескертуі керек. Біз кезекте тұрған жүргізушілердің қайдан келгенін сұрамаймыз.
Семей жол бөлімшесінің басшысы Марлен Көкірекбаев:
– Өткен жылдан бері Қаражыра кен орнынан 1 млн. 200 мың тонна көмір сатып алынды. Көмір вагондарының қозғалысын бақылап, қоймаға уақытында жеткізілуін қадағалап отырмыз.
Қазіргі уақытта аталған қоймада көмірдің тоннасы 7 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал тасымалдаушылар қатты отынды қала мен аудандарда үстеме бағамен сатуда.
“Жігер-СТ” ЖШС басшысы Болатхан Мұсабаев көмір тасымалын реттейтінін жеткізді.
Айзада Сламбаева
454 всего, 9