Семей.05.10. “Semeyainasy” – 50 шақырымды артқа тастап, 1 сағат жол жүріп «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жалпыәскери полигонында атыс шеберлерінің, артиллерия және минометті құрылымдары арасында өткізіліп жатқан жарыстың мән-жайын біліп қайттық. Ұйымдастырылған далалық жиынның негізгі мақсаты Құрлық әскерлерінің үздік миномет мергендерін анықтау, жеке құрамның жауынгерлік дайындық деңгейі мен минометті батареялардың ауызбіршілігін арттыру болып табылады.
Сайысқа «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс», «Астана» өңірлік қолбасшылықтары мен десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің жауынгерлері қатысуда.Бүгінде Қазақстанның түпкір-түпкірінен толық құрамда келген 10 команда бақтарын сынап, өз араларында нағыз мерген хас шеберлерді анықтауда. Үш бөлімді қамтыған жарыс барысында сайыскерлер әрбір кезеңде түрлі жаттығуларды орындап, командалар өз іштерінде бір-бірін айтқызбай-ақ түсініп, барлық жүктелген тапсырмаларды жұмыла бір адамдай істегендері талай адамды таңқалдырды.
Алғашқы «Арнайы» кезеңінде командалар оқу нүктелерінде мамандықтары бойынша нормативтерді орындады. Бұл кезең «Батареяның үздік офицерін», «Минометтің үздік есептобын», «Үздік барлаушыны», сондай-ақ, «Үздік есептеушіні» анықтау үшін жүзеге асты. Келесі кезең «Батарея – атыс» деп аталды. Бұл сында жауынгерлерге 5-6 минут уақыт беріліп, 120 мм минометтен үш шақырымға және екі шақырымға оқ атты. Шыны керек жарыс өте мықты физикалық дайындықты қажет етеді, себебі бір снарядтың салмағы 16кг болса, басқа техникалардың ауырлық күші одан да көп.
Бір апта уақыт аралығында өтетін әскери азаматтарға арналған аламан дода кешке дейін созылғандықтан, қатысушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 20-дан астам палаткалар тігілген. Айта кетерлігі, бұл кішігірім қалашық жарыс өтетін орынға ыңғайластырылып жақын жерде орналасқан.
Жұма күні өз мәресіне жететін сайысқа қатысушы барлық саңлақтарымызға шын жүректен сәттілік тілейміз. Алда алар асулар мен бағындырар белестері көп болғай!
Ғанибек Түсіпбек
610 всего, 3