Семей. 28.08. “Semeyainasy” – Асқар Жакулин атындағы жеке қайырымдылық қоры Семей өңірлік онкологиялық диспансеріне соңғы үлгідегі жапон қондырғыларын табыс етті. Құны 9 млн. теңгені құрайтын қондырғыны қор директоры Гүлнар Сейдоллақызы, ҚР мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлы, директордың ассистенті Ақмарал Сәдуақасова арнайы келіп табыстады.
Құрылғанына 1 жарым жылдың жүзі ғана болған қор осы уақытқа дейін талай игілікті істердің бастамашысы болды. Қор алты бағыт бойынша жұмыс істейді: «Үздік дәрігер», Жәкула болыс атындағы мектеп оқушылары арасындағы химия-биология пәндері олимпиадасы, «Жаңарту», «Өмір» және Асқар Жакулин атындағы дәстүрлі футбол жарысы. Қордың негізгі бағыты – қатерлі ісікпен ауыратын балаларға жәрдемдесіп, қаржылай демеушілік жасау.
-Ауруханаларға көмек берердің алдында алдымен сол мекемеге барып, не қажет екенін сұраймыз. Былтыр қазан айында осындай мақсатпен Семей қаласындағы өңірлік онкологиялық диспансеріне және Абай аудандық орталық ауруханасына ат басын бұрып, диспансерге 3 төсектік манитор алуға, ал Абай аудандық орталық ауруханасының ақпараттық технологиясын жаңартып беруге сөз берген едік. Енді, міне, сол уәдемізді орындау үшін келіп отырмыз, – деді Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қорының директоры Гүлнар Сейдоллақызы.
Өңірлік онкологиялық диспансерге тарту етілген төсектік манитор сырқаттың жай-күйінен, денсаулық жағдайынан хабар беріп отырады. Емделушінің қан қысымы мен жүрек соғысы, тыныс алуы төмендесе манитор бірден белгі береді. Бұл өз кезегінде сырқаттың өмірін сақтау қалуға септігін тигізіп, ақ халатты абзал жандардың да жұмысын жеңілдетпек.
Қорға есімі берілген Асқар Жакулин Қытайда дүниеге келген нағыз ұлтжанды қазақ азаматы, Жәкула Күшікұлының ұрпағы. Өткен жылдың ақпан айында обыр дертінен көз жұмды.
Қытайдың ең беделді Шинхуа университетінде білім алған ол біраз жыл Германияда тұрады. Кейіннен Қытайға келіп, жекеменшік құрылыс компаниясын құрды. Қытайдағы ең алғашқы қазақ сайтын ашты. Аспан асты елінде қытай қызымен көңіл жарастырып, шаңырақ құрды. Оған «Жайна» деген әдемі есім берді. Қытайда кәсібі дөңгелеп тұрса да, өз еліне, атажұртына оралуды аңсап, Қазақстанға келді. Ол туралы өз хатында былай дейді: «Осы жарты ғасырлық өмірімдегі мен үшін ең керемет оқиға, ол – Қазақстанның Тәуелсіздік алуы еді. Ал өз өмірімдегі ең ұлы шешімім – менің Қазақстанға қоныс аударғаным болды. Біз Қазақстанда, осынау тарихи Отанымызда, бабаларымыздың ата қонысын таптық және шаң басқан мұрағаттары ішінен аталарымыздың тарихын, іздерін аршып алдық. Бұл біздің әулет үшін аса бағалы рухани байлық. Мұны ерекше қастерлеуіміз керек».
Елге келе сала пластик есік-терезе жасайтын алғашқы зауыт ашып, кейіннен «Асай» атты қаржылық компания құрған ол елдегі ірі мәдени шараларды ұйымдастыруға атсалысады.
Соңғы 5 жылдан бері Асқар Жакулиннің атамекені Ақсуатта Тарбағатай ауданы бойынша Жәкула болыс атындағы химия-биология пәндерінен оқушылар арасында олимпиада ұйымдастырылып келеді. Олимпиада бюджеті 2 млн. теңгеден асқан. Одан бөлек қор Ақсуаттағы аудандық ауруханаға қан типін анықтайтын заманауи жапон құрылғысы табыс еткен. Сондай-ақ Алматы қаласындағы Ақсай балалар емханасына тыныс жолы сүйелін емдейтін бөлім ашып, қажетті мамандардың Италия мен Қытайда оқуына мүмкіндік жасады.
Айта кетейік, Асқар Жакулиннің жары Жайна Жакулиннің бастамасымен қор айналасы бір жарым жыл ішінде 70 млн. теңгеге жуық қайырымдылық шараларын өткізген.
Айзада Сламбаева
456 всего, 15